Аймағамбетов: Орыс тілінде білім беру өзгеріссіз жалғасады

Путин ішінара мобилизация жасау туралы бұйрық шығарғалы бері елімізге қарай бет түзеген ресейліктер санында есеп жоқ. Қазақстандағы қостілді саясаттан хабары бар олар өздерінің телеграм чаттарында бір-біріне «қазақтардан орыс тілінде қызмет етуін сұрау керек» деп кеңес айтып жатқан көрінеді.
2-3 күннен бері халықты алаңдатқан көп жайттың бірі – осы. Әлеуметтік желілердегі пікірдің басым бөлігі бұл тығырықтан тек мемлекеттік тілде сөйлеп, тіл мәртебесін көтеру арқылы шыға алатынымызды айтуда. Қазақ тілін дұрыс меңгермеген мектеп жасындағы балалардың да артып бара жатқанын сынға алғандар көп.
NEGE тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтен осы соңғы саяси оқиғаларға байланысты білім беру бағдарламасында тіл мәртебесіне қатысты енгізілетін өзгерістер бар-жоғын сұрады.
–Мемлекет басшысы Жолдауында өте маңызды тапсырма берді. Орыс тілінде білім беру бағдарламасы әлі де сақталады. Бүгінде оған қатысты ешқандай өзгеріс жоқ. Ал мемлекеттік тілге жағдай жасалып жатыр және жасалады да. Білім беру саласындағы қазақ тілін дамыту бойынша әрі қарай тиісті шешімдерді жалғастырамыз, – деп мәлімдеді министр.
«Дегенмен де мемлекеттік тілге басымдылық беру қарастырылмаған ғой?» деген тілші сауалына:
– Басымдылық бар. Ол – осы жылы қабылданған шешім. Яғни, орыс мектебіндегі балалар 1 сыныпқа келгенде қазақ тілін де, орыс тілін де оқиды. Ал қазақ мектебіндегі оқушылар 1 сыныпта тек қазақ тілінде ғана оқиды. Жалпы, балаларымыздың бірнеше тілді білгені біз үшін өте маңызды. Бұл – олар үшін үлкен мүмкіндік, – деп жауап берді Аймағамбетов.
Министрдің сөзінше, қазақ мектебіндегі оқушы 2 сыныпқа көшкенде оған орыс тілін игеріп алу оңай болады. Екі тілді біршама меңгерген оқушы 3 сыныпта ағылшын тілін де оқып кете алады. Ал мектеп бағдарламасындағы мемлекеттік тілге қатысты басқа өзгеріс жоқ.