Айгүл Иманбаева: Үй шаруасына араласпағаныма 22 жыл болды

Қазақ эстрадасының жұлдыздары қарапайым тұрмыс пен үй шаруасындағы тіршіліктен алыс емес. Бірақ, күнделікті өмірде нәзік жандылардың көпшілігі жұмыстан қолы босамайды. Әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева ас әзірлемегеніне, үй шаруасымен айналыспағанына 22 жыл болғанын айтты.
Иманбаева анасы үйреткендей асты ерекше байыппен әзірлейтінін және бұрынғы енесі секілді палауды өте дәмді пісіретінін тілге тиек етті. Алайда, қазіргі уақытта актрисаның бос уақыты болмайды екен.
Айгүл Иманбаева: Ас үйге кірмегеніме, үй жинамағаныма, тамақ істемегеніме тура жиырма екі жыл болды. Сондықтан кухняға қатысты бағдарламаларға шақырса, бармаймын. Өйткені, икемім жоқ. Істесем, бір кісідей-ақ тағам дайындаймын ғой. Бірақ, мүлдем уақытым жоқ. Күнделікті жұмыс, театр, мерекелік шаралар, түрлі концерттер, түсірілім алаңы дегендей. Осылай өмірім өтіп жатыр.
«Арнау» тобының экс-солисті Салтанат Бақаева - шығармашылығы мен келіндік қызметін, аяулы ананың міндетін қатар алып жүрген жандардың бірі. Әйтсе де, ол да жұмысбасты адам болғандықтан, кей кездері үй шаруасы тасада қалып қояды екен.
Салтанат Бақаева: Лағманды дәмді жасаймын. Өзімнің сүйіп істейтін тағамдарым бар. Шынымды айтсам, түсірілімнен кейін тамақ әзірлеймін деп айта алмаймын.
Бақаеваның өнердегі әріптесі Меруерт Түсіпбаева үй шаруасына мүлдем араласпайды.
Меруерт Түсіпбаева: Ешқашан ас әзірлемеймін. Мен қазір жалғыз тұрамын. Концерт, мерекелік шаралар біткен соң мейрамханаға барып тамақтанамын.
Сонымен қатар, біз сұрау салған әншілер түсірілім кезінде, концерт алдында сымбатты әрі көрікті болу үшін арнайы диета ұстайтынан, көп мөлшерде ас ішпейтінін айтты.