Әйгілі «Құсни-Қорлан» әнінің бірден 18 нұсқасы бір видеоға жиналды

Естай Беркімбайұлының көпке әйгілі «Құсни-Қорлан» әнінің бірден 18 нұсқасы бір видеоға жиналды. Роликті Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі әзірледі. Қазақ ақыны, әнші және композитор – осы өңірдің тумасы.
«Естай мен Қорланның махаббат тарихы жанды тебірентіп, таң қалдырады – бей-жай қалдырмайды... Оған немқұрайлы қарайтындардың табылуы екіталай. Қарапайым ақын мен би қызы нәзім сезімдерін жасыруға мәжбүр еді. Алайда махаббат пен өнердің құдіретті күшінен «Құсни-Корлан» әні пайда болды.
«Арада 100 жыл өтсе де, әнді ешбір қазақ ұмытқан жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын түрленіп, ғажайып «бояуларға» боялып келеді. Тіпті оның дәстүрлі ән екеніне сенбей де қаласың!», – деп жазды баспасөз қызметі өзінің Instagram-аккаунтында.
Қазіргі кезде «Құсни-Қорлан» әнін опералық әншілерден бастап эксперименттік топтарға дейін әр түрлі бағыттағы музыканттар орындап жүр.
«Құсни-Қорлан» жаңаша айтылғанымен, шынайылығынан айырылған жоқ. Бір бейнебаянда әннің 18 нұсқасын жинап, «Әннің осыншама танымалдылығының құдіреті неде?» Осы сауалды біз павлодарлық өнертанушыға қойып едік», – делінген хабарламада.
Әлеуметтік желідегі пост 21 наурыз күні Павлодарда Естай ескерткішінің ашылу салтанатына орайластырылған. Өңірдің белгілі тумасына ескерткіш мәдениет сарайының жанында орнатылады.