8 Желтоқсан 21:11

Әйгілі балгер қызметіне қанша ақша алады?

Фото:
«Битва экстрасенсов» мистикалық шоуының 6-маусымында финалист болған қазақстандық әйгілі балгер Кажетта (Екатерина) Ахметжанова қазір Мәскеуде тұрады. Ол Алматыға келіп, 

Nege.kz порталына арнайы сұхбат берді және Қазақстанда ақша ауысуы мүмкін екенін айтты.

– Сізге балгерлік қасиет кімнен қонды?

– Маған құлағыма жеті атам сыбырлап отырады. Келген адам туралы алдын ала айтады. Құлағыма үнемі қазақтың ескі өлеңдерінің әуені келеді. Бірақ оны басқа біреулерге айтып бере алмаймын. Менің алдыма адамды әруақтары алып келеді. Ол келер алдында иесі маған сыбырлап: «Мына баланың ошағы сөніп қалды» десе, демек қайтыс болды дегені. «Ал мына баланың қолы бос» десе, демек бағы жоқ деген сөз. Тағы біреуін қарғысқа түскен болса, «қара шапан киген» дейді.

– Сізді халық «Битва экстрасенсов» мистикалық шоуы арқылы таныды. Бұл шоу сізге кәдімгідей жарнама жасады ма?

– «Битва экстрасенсов» мистикалық шоуының 6-маусымына қатысып, финалист болдым. Адамның миын зерттейтін М.В.Бехтеров атындағы институт бар. Мұнда ең мықты экстрасенстер «Экстрасенстер зерттеу жүргізеді» деген жобаға қатысты. Соған мен де қатыстым. Содан мені дүниежүзі тани бастады. Қазақстаннан бөлек, Германия, Франция, тағы басқа елдердегі халық хабарласып, көмегімді алып жүр.

Ата-бабам қасиеті күшті бақсы болды. Отпен аластап, сумен тілдескен. Атам: «Ашаршылық кезде қазақтың көбі аштан өлген. Бірақ қасиеті бар адамдар сынбаған. Намысты абыройлы» деп айтып отыратын. Сол кезде халық «Алла тағала, байлығымды алсаң да, абыройымды алма» деген.

100 жылда бір рет заман ауысып жатыр. Жер ұлғайып, халықтың психологиясы өзгереді. Жұрт адасушылыққа бет бұрып кетті. Сондай кезде жол сұрап, көмек сұрап, бақсы, көріпкелдерді іздей бастайды. Мұсылмандықта көріпкелдер баяғыдан болған.

– Ресейге неге көшіп кеттіңіз? Басты себеп не?

– Осыдан 20 жыл бұрын адам қарап жүріп, үйімнен айрылып қалдым. Білім, ілім іздедім. Сол кезде белгілі астролог Александр Астрогор Сан Саныч мені Мәскеуге шақырды. Содан кейін «Битва экстрасенсов» мистикалық шоуына қатысып, сонда қалдым. Қазір оқып жатырмын. Кезінде Архитректуралық құрылыс саласында білім алдым. Бірақ қасиет қонғаннан кейін балгер болып кеттім.

Қазақстанда адам қарап, білім ала алмадым. Сол себептен Мәскеуге барып, керемет ұстаздарға жолықтым. Ол жақтан алған ілім көп мүмкіндік берді. Сондықтан осы білімім арқылы бүкіл дүниедүзі адамдарына кеңес бере аламын.

Әр адамның өз кілті бар. Мен соны білемін. Бірақ бір қайғылы жағдай көрініп тұрса, тіке айтпаймын. Мәселен, «керемет үш ағашың бар екен, соның біреуі сынып кететін сияқты» деймін. Адам өзі түсінеді. Балгердің өз тілі бар. Қазір өтірік бал ашатындар көп. Бұл – үлкен күнә. Үндістанға барып, Сатя Сай Бабаның, Ошаның батасын алдым. Жыл сайын мұнда балгерлердің семинары өтеді. Сол басқосулардан көп нәрсе үйренемін.

– Сіздің алдыңызға адамдар көбінесе қандай мәселемен келеді?

– Әр адамның 33 жақсы, 72 жаман қасиеті бар. Келген адамның қандай қасиеті басым екенін бірден білемін. Әртүрлі мәселемен келеді. Қазақстандағы ер азаматтардың бір ісі ұнамай тұр. Қалтасына ақша бітсе, әйелін 3-4 баласымен тастап, тоқал алып кетеді. Қыздар да тоқалдыққа келіседі. Олар біреудің отбасын бұздым-ау деп ойламайды. Әлде мен кеңестік кезеңнің тәрбиесін алған соң ба, маған ерсі көрінеді.

Кезінде бізге «Біреудің ала жібін аттама», «Біреудің қарғысынан қорық» дейтін. Қазір қыздар да, ер азаматтар да содан қорықпайтын болды. Жас қыздар өзіне тең емес үлкен еркектерге тұрмысқа шығып жатыр. Жас кезінен қателікке бой алдыруда. Бұл қателік өзінің тағдырына жаман. Жүргіш еркектерді жақтырмаймын. Қазақ азаматтары ондай болмаған.

– Өмірде ұстанатын қағидаңыз қандай?

– Балгер болған соң көп нәрсені ұната бермеймін. Жас өлікке барсам, тамағын ішсем ауырамын. Қазір қарасаң, пакетке толтырып салып алып жатады. Айналайындар, өлік, әсіресе жас өлікке барғанда тамағын әкетуге болмайды. Осыған қарсымын. Ашаршылық кезінде бір үзім нанды бөліп жеді. Қазір ондай заман емес қой. Үстелді талап жатады. Жағамды ұстаймын. Ниетіміз бұзылып бара жатыр.

– Сізден кеңес алу қанша тұрады?

– Бағам қымбат емес. Жағдайы бар адамдар келсе, аламын. Жағдайы жоқ адамдарды тегін қараймын.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Таңертең ерте тұра алмаймын. Сағат 9-ға дейін ұйқтаймын. Мәскеудегі үйімнің алдында бақшам бар. Сонда жалаңаяқ жүремін. Бассейнге барамын. Күнде 2 сағат эзотериялық, рухани тақырыпта кітап оқимын. Аптасына бір рет көркемсурет мектебіне барып, санама келген суреттерді саламын. Иисус Христосты, Будданы салдым. Сосын аптасына бір рет музыка мектебіне барып, қобызды, гитараны үйреніп жүрмін. 51 жасыма дейін өзімнің көлігім болса дейтінмін. Сатып алуға жағдайым болмады, ешкім сыйламады да. Ендігі арманым – көлік сатып алу. Қазір көлік жүргізуді үйреніп жүрмін. Бірақ өте қиын екен.   

Тегтер: