USD
USD
USD

Аида Балаева Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытудың маңызы туралы айтты

Қазақстанда 4739 адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың арасында 125 бала бар.

Аида Балаева
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Ол «Хабар» арнасы түсірген «4739» деректі фильмі туралы ойын айта келе, Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті.

«Адам өмірі – табиғаттың бірегей сыйы әрі әлемдегі ешбір дүниемен өлшенбейтін ең жоғары құндылық. Бұл мемлекетпен де, қоғаммен де, заңмен де, дінмен де мойындалған шындық. Әрине, бұл – баршамызға ортақ, түсінікті ой. Бірақ күні кеше "Хабар" арнасы түсірген "4739" деректі фильмін көріп отырып, осы ақиқаттың қаншалықты терең, қаншалықты маңызды екеніне тағы бір рет көз жеткізгендеймін», – деп жазды Балаева Facebook желісіндегі парақшасында.

Министр келтірген дерекке сәйкес, Қазақстанда трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді екен. 

«Әрине, донор болу немесе болмау – әр адамның жеке таңдауы. Бұл – өте нәзік әрі күрделі мәселе. Мұндай шешімге ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Меніңше, бұл тақырыпта ең маңыздысы – екі тараптың да жағдайын түсіне білу. Бір жағында – ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында – ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр», – дейді ол.

Аида Балаеваның пікірінше, осы екі жағдайдың арасындағы нәзік шекара әрдайым сақталуы керек. Бұл жерде ешқандай қысым да, айыптау да болмауы тиіс. Тек әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешіміне деген құрмет болуы қажет.

Бұл ретте министрдің өзі де ағзасын донорлыққа беру ниеті бар екенін айтты.

«Ал енді менің өз басыма келсем… Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін», – деп жазды Балаева.

Билік өкілі бұл тақырыпты қорқынышпен емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылау керек деп есептейді. Өйткені, оның пайымынша, адам өмірін сақтап қалуға бағытталған әрбір ізгі қадамның маңызы зор.

«Трансплантацияға мұқтаж әр адамның артында өмірге деген үлкен үміт тұр. Сол үмітті үзбеу – баршамызға ортақ адамгершілік міндет деп ойлаймын», – деп түйіндеді ол донорлық туралы ойын.

Айта кетейік, «4739» деректі фильмін 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көруге болады.

Қазір оқып жатыр

Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов бостандыққа шығады

Бақытжан Байжанов

Қарағандыда «Құсбегілік» федерациясының мүшесі сирек құстарды заңсыз ұстаған

құсбегі

Қазақстан электрондық үкімет бойынша әлемнің үздік 25 еліне енді

Цирфлы Қазақстан

Атырауда ер адам әйелінің көңілдесі делінген жігіттен 2,5 млн теңге талап еткен

Күдіктіні ұстау