Мәдени
«Айбоз» әдеби сыйлығы туралы: Бізде өзіне келгенде тәртіпке қол сілтей салады, басқаға келгенде «тәртіп сақтау керек» – Министр
Бүгін Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының марапаттау шарасы өтті. Бұл сыйлыққа кімнің ие болғаны туралы ақпарат бір-екі күн бұрын жария етілген. Содан бері әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр.
Бұған бірінші себеп – «Айбоз» ұлттық сыйлығының «үздік балалар әдебиеті» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Бекен Ыбырайымның «Іздер құпиясы» шығармасы. Жазушы Қанат Әбілқайырдың әлеуметтік желіде жазған пікіріне сүйенсек, Бекен Ыбырайымның «Іздер құпиясы» шығармасы бұған дейін «Жұмбақ із» деген атпен жарияланған көрінеді. Ал ереже бойынша, ұсынылған еңбек еш жерде жарияланбауы керек. Алайда, «Іздер құпиясы» шығармасының авторы Бекен Ыбырайымның өзі хабарласып, «туындыны 70 пайызға өзгерттім» деген. Көптің көкейіндегі негізгі сұрақ – «Ұйымдастырушылар неге алдын ала анықтамаған?».

Екінші дау – «үздік комикс» аталымы бойынша жүлде әу баста Жантас Набиолланың «Жетпіс палуан» комиксіне берілген. Алайда, бәйгеге туындысын қосқан Досхан Жылқыбай: «Өзім қатысқан «Үздік комикс» номинациясы бойынша финалға өттік. Нәтижесінде Жантас Набиолла атты ағамызға жүлде бұйырыпты.
«Жетпіс палуан» комиксімен. Бірақ, ортақ танысым сол комикстің бұрын жарияланып қойғанын айтып, скриндер жіберді. Суретке жүктеп отырмын. Инстаграм сілтемесін де салып отырмын. Осы жылдың тамыз айында жарық көріп, тіпті сатылымға шығып кеткен комикс екен. Байқаудың ережесінде де «бұрын-соңды жарияланбаған» деген шарт болған еді. «Үздік комикс» деп танылған комикс байқаудың осы шартына мүлде жауап бермейді» деген болатын.

Бұдан кейін байқаудың негізгі ұйымдастырушысы Кітап палатасы берген жауапта: «Автор тамыз айында аз таралыммен болса да жарыққа шығарған комикс жинағын 15 қыркүйек күні «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының талаптарын ескерместен конкурсқа қатысуға өтінім берген екен. Көпшіліктің пікіріне сәйкес, аталмыш сұрақты қайта сарапқа салған қазылар алқасы үздік деп танылған шығарманы, байқау талаптарына сәйкес еместігін ескере отырып, жүлдеге лайық емес деп таныды» деген.
Мұны бүгін марапаттау шарасында Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш тәптіштеп түсіндіріп берді. «Ұрпақты комискспен тәрбиелеуге мүмкіндік туып отыр. Осы аталым бойынша 13 еңбек түсті. 7 шығарма таңдалып алынды. «Жетпіс палуан» еңбегі жеңімпаз болып танылған еді. Бірақ әлеуметтік желіде бұл шығарма бір ай бұрын жарияланғаны жазылды. Біз авторға хабарласып, мән-жайды анықтадық. «Бір ай бұрын аз таралыммен шығарып, таратып едім» деп мойындап, жүлдеден бас тартты. Қазылар алқасы қайта қарап, ереже бойынша ешкім жеңімпаз болмайды деп шешті», – деді. Осылайша, «Айбоздың» «Үздік комикс» аталымы ешкімге бұйырмады.
«Айбоздың» үздіктері кімдер?
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына үміткерлерден өтінім 2022 жылдың 15 маусымы мен 1 қазаны аралығында қабылданып, барлық жанр бойынша 400-ден астам өтінім келіп түсткен. Сонымен, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы 7 номинация бойынша өткізілді. Олар – «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік драматургия», «Үздік аударма», «Үздік кітап» және «Үздік комикс» номинациялары. Әр аталымнан үздік атанған бір жеңімпазға 5 миллион теңге сыйақы берілді.

«Үздік поэзия» номинациясы: «Жұмбақ арал» поэмасы – Батырхан Сарсенхан;
«Үздік проза» номинациясы: «Тырнақ» әңгімесі – Айгүл Кемелбаева;
«Үздік драматургия» номинациясы: «Мың мен жалғыз...» пьесасы – Талғат Теменов;
«Үздік аударма» номинациясы: Стефан Цвейгтің «Амок», «Бақилық ағаның көз жасы» новеллалары – Кенжебай Ахметов;
«Үздік балалар әдебиеті» номинациясы: «Іздер құпиясы» детективтік романы – Бекен Ыбырайым;
«Үздік кітап дизайны» номинациясы: «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» – Аmalbooks баспасы.
Министр Дәурен Абаев:
Мен – менеджермін
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев: «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қай елдің болса да, әдебиеті қаржылық қолдауды қажет етеді. 160-тан астам кітап 480 мыңнан астам тиражбен жарық көрді. Биылдан бастап «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен отандық авторлардың жарық көрмеген кітаптары шыға бастады. Келесі жылдан министрлік жас ақын-жазушылар үшін президенттің арнайы әдеби сыйлығын тағайындайды» деді.
«Мен – қаламгер емеспін. Ақын, айтыскер емеспін. Мен – менеджермін. Сондықтан бәріне бірдей қараймын. Мақсат – жүйе қалыптастыру. Жүйе неден басталады? Жүйелі сабақтан. Сабақты мұғалім береді. Біз әдебиет саласындағы мұғалімдердің жалақысын үш есе көбейттік. Ұлттық статусқа ие мекемелерде қызмет атқаратын мамандардың жалақысын да екі есеге өсірдік. «Айбоз» сыйлығының сыйақысын да 5 млн-ға көтердік. Бұл үлкен бастама. Келешекте қазақтан «Нобель» лауреаты осының арқасында шығатынына кәміл сенемін. Өйткені, адам 300 мыңға басқа жұмысын ысырып тастап жазбайды. Қомақты жүлде болса, әдебиеттен бас тартып жүрген талантты жастар қайта келеді», – деді.

Сондай-ақ министр байқау аясында сынның көбейіп кеткенін де тілге тиек етті. «Үздік комикс» бір ай бұрын шығып кетіпті деді. Дұрыс, тәртіп қой. Бірақ бізде өзіне келгенде тәртіпке қол сілтей салады, басқаға келгенде тәртіп сақтау керек деп шыға келеді. Ереже бар, оны сақтау керек. Бірақ қазақтар, кең болуымыз керек, кең болсақ, елімізде бәрі болады. Сыншы емес, тілекші болайық» деген пікірін айта кетті.

Ал Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет: «Кімнің шығармасы екенін білген жоқпыз. Тіпті, сарапшылар қазылар алқасында кімнің барын білмедік. Себебі, бәрі құпия болды» деді. Айта кету керек, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының тәуелсіз қазылар құрамында Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет (төраға), ақын Маралтай Райымбекұлы, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы Дидар Амантай, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, сыншы Әлия Бөпежанова, жазушы Тұрсынжан Шапай, ақын Гүлнар Салықбай, баспагер-дизаин Александр Садуақасов, Садық Шерімбек, жазушы-драматург Роза Мұқанова, ақын Мейірхан Ақдәулет бар.
P.S. Биыл тұңғыш ұйымдастырылған байқау да у-шусыз өтпеді. Ал «әдеби жүлде ереже мен талапқа сай өтуі керек» дейтіндер Жаңа Қазақстанда әділдікті талап ету әбестік еместігін айтады. Себебі, жүлде қоры аз ақша емес.