AIALDAMA: Алматылық оқушы қала тарихымен таныстыратын ерекше қосымша ойлап тапты
Елімізде дарынды балалардың қатары көп. Олар озық ойларымен түрлі жобаларды қолға алып, жетістікке жетіп жүр. Жасаған өнертабыстарымен көпшілікті тәнті етіп қана қоймайды, сонымен қатар халықтың кәдесіне жарайтын пайдалы дүниелерін іске асырып келеді.
Сондай дүниелерді ойлап тауып, халықтың тұтынуына ұсынған оқушылардың бірі алматылық Тимур Қырбасов. Ол Алматы қаласындағы №15 гимназияның оқушысы. Мектеп мақтанышына айналған жеткіншек ерекше дүниені ойлап тауыпты. Туған жердің тарихын білуге, оны зерттеуге арналған мультимедиялық қосымшаны іске қосқан оқушының талабы зор, болашағынан мол үміт күттіреді. Қосымшаның атауы да ерекше. Оны AIALDAMA деп атапты. Құлаққа жағымды естілетін қосымшаның пайдасы зор.
Қазір екінің бірінің қолында телефон бар. Оны пайдалы құралға айналдыру да өз қолымызда. Сол себепті телефонға қосымшаны жүктеп іске қоссаңыз, көшенің бойына немесе аялдамаға жақын келген кезде бірден нысан туралы тарихи ақпарат бере жөнеледі. Оның көп көмегі тиері сөзсіз. Әсіресе жас буын өкілдері телефоннан тарихи мәліметтерге қанық болып, өз өлкелерінің тарихын біле жүреді. Сонымен қатар қалаға қыдырып келетін қонақтар қала туралы мәліметтерге қанық болады.
Оқушының айтуынша, қаланы үйреніп, нысандарын жақсы білгісі келетіндер үшін өте пайдалы қосымша болмақ.
Бұл әрбір адамға туған қаласының (облысының, елінің) тарихы туралы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік береді, сонымен қатар жастардың жалпы тарихқа деген қызығушылығын арттырады.
«Ұсынылған «Менің қаламның/елімнің тарихын зерттеуде ICT-технологияларды қолдану» жобасы мен бұрын бөлек әзірлеген екі шағын жобаны біріктіреді. Біріншісі, қоғамдық көліктегі ескерту жүйесін жаңғырту арқылы қала тарихын зерделеу. Бұл идея қысқаша тарихи ақпаратты қосу арқылы қоғамдық көліктегі аялдамалар туралы ауызша хабарландыруды іске қосуды көздейді.
Екіншісі – «AIALDAMA» мобильді қосымшасы. Мен әзірлеген мобильді қосымшада сол немесе басқа көшенің аты берілген адам/объект туралы, пайдаланушы оны кесіп өткен сәтте тарихи ақпарат береді. Жобаның мақсаты – мектеп оқушыларының ел тарихын күнделікті өмірде меңгеруіне көмектесу. Тарихты білу өте маңызды деп ойлаймын!», - дейді Тимур Қырбасов.
Қосымша барлық жүйеде қолжетімді. Мысалы, Google Play мен App Store арқылы жүктей аласыз. Тарих пен туған өлкенің тұмса табиғатын зерттеуге таптырмас құрал. Егер сіз автобуста тұрғанда аялдаманы хабарлағанда оған қосымша ретінде тарихи мәліметтер беріледі.
Алматылық оқушы Тимур Қырбасовтың бұл жалғыз өнертабысы емес. Ол қазіргі уақытта 3 авторлық құқыққа ие. 2023 жылдың «Жыл оқушысы» атағын алған.
Бүгінгі таңда оқушы қоғамдық өмірге белсенді араласады. Ол ENACTUS мектеп командасын ұйымдастырған. Ол II Республикалық мектепаралық кәсіпкерлік чемпионатының финалисті болды.
Гимназия базасында мектеп оқушыларына арналған практикалық-теориялық орталық ашты. Оның қызметіне келер болса, ол жоғары сынып оқушыларының таңдаған мамандығын нақты кәсіпорында практикалық түрде сынауға мүмкіндік береді.
Оқушының жобалық жұмыстағы жетістіктері тек соңғы үш жылдың өзінде халықаралық және республикалық ғылыми жобалар байқауларында үздіктер қатарынан көрінген. 9-сынып оқушысы ретінде Тимур ICT Solutions Kazakhstan байқауында ұтқыр жобаны жүзеге асырғаны үшін 1 миллион теңге ұтып алған.
Еске салайық, 2022 жылдың 1 маусымында Тимур Алматы BalaFest қалалық фестивалінде Мемлекет басшысының жол көрсетушісі болды. Қазақстанның болашағы алматылық оқушы Тимур Қырбасов сынды дарынды жеткіншектер.