Ахметжановтың «құрығы» Шөкеевке жете ме?
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов Түркістан облысы әкімдігінің активімен кездесті. Жиынға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев және оның орынбасарлары, мемлекеттік, құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты. Бұл ақпаратты
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратты.
Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы реформалар туралы айтып берді. Ол мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан «ҚР 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат» тұжырымдамасына тоқталды.
«Біздің міндетіміз – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, қоғам мен кәсіпкерлердің сұранысына бағдарлану. Бұл бағыттағы жұмыстарға тек агенттік емес, барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер белсенді қатысуы қажет. Жемқорлықтың салдарымен емес, оның себептерімен күресу маңызды», – деп атап өтті М. Ахметжанов.
Сонымен қатар агенттік басшысы облыстағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының статистикасына тоқталды.
Жемқорлықпен күрес мәселесі талқыланған жиында М.Ахметжанов облыс активіне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жаңа басшысы, генерал-майор Қанат Қожахметовті таныстырды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін ол агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарған.

Өз кезегінде өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
«Қазіргі таңда бұл салаға жаңаша көзқарас қалыптасып отыр. Тек жазалау емес, жемқорлықтың алдын алған дұрыс. Мемлекетік қызметкерлер – елдің азаматтары. Олар ел алдындағы жауапкершіліктерін ұмытпауы тиіс. Бүгінде Түркістан жаңғырып, тек қана Қазақстан емес, бүкіл түркі дүниесіне белгілі қала болып отыр. Жұртшылық көз тігіп отыр. Бұл өңірдің тұрғындары – еңбекқор. Өз күшімен, өз ісімен адал жұмыс істеп жатыр. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, бірге жұмыс атқарамыз», –деген өңір басшысы Түркістанға арнайы келіп, өзекті мәселені талқылаған агенттік төрағасына ризашылығын білдірді.
Бұл – ресми ақпарат. Ал енді бейресми ақпарат көздері не дейді?
Кейбір деректерге қарағанда, Антикор ауыл шаруашылығына бөлініп, кейін діттеген жеріне жетпей қолды болған субсидия мәселесімен шындап айналысуды қолға алған. Естеріңізде болса, бұл мәселемен еліміздің бірқатар өңірінде шенділер ұсталды. Антикор бұл мәселеде Шөкеев-Мамытбеков тандемінен айналып өте алмайды. Өйткені екеуі осы салаға министр болып тұрғанда ауыл шаруашылығы, оның ішінде асыл тұқымды мал өсіруге миллиардтап субсидия бөлінгенін білеміз. Одан Қазақстанда асыл тұқымды мал көбейді ме? Бөлінген ақшаның есебі қайда?
Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, Антикордың Түркістан облысы бойынша жаңа басшысы тағайындалуы да бекерден-бекер емес.
«Егер Ахмеджановтың жаңа тағайындаған адамы Шөкеевтің төңірегін «тазалай» бастаса, көп ұзамай Шөкеевтің өзіне де «құрық тиіп» қалуы ғажап емес», – дейді тұрақты оқырманымыз.