14 Сәуір 13:52
...

Ахметжан Есімов: «Самұрық-Қазынада» жағдай тұрақты

Фото:

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар Қордың қоржынды компанияларының үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен өткен үкімет отырысында Қор басшысы Ахметжан Есімов мәлімдеді.

Есімовтің сөздеріне қарағанда, қазіргі жағдай ел экономикасының барлық саласына әсер етіп жатқанына қарамастан, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім байқалады.

«Мәселен, мұнай саласында өндіріс 30 пайызға артқан. Газ тасымалының көлемі 10 пайызға артты. Көлік, жүк тасымалы саласы тұрақты. Былтырғы жылғы көрсеткіш деңгейінде. Транзиттік жүк тасымалы жанданып келеді. Наурыз айында ақпан айымен салыстырғанда 30 пайызға артты. Электр қуатын экспорттау мен көмір сату көлемі де елеулі өсті. Телекоммуникация саласы да тұрақты жұмыс істеп тұр», – деп есеп берді Есімов.

Рас, қалыптасқан ахуал алдын ала жасалған жоспарлар мен өндіріс көлеміне елеулі түзету енгізуге мәжбүрлейді. Алайда, дер кезінде қабылданған шаралар Қорға кіретін компанияларға дағдарыс кезінде де жұмысты дұрыс жолға қоюға мүмкіндік береді.

А.Есімов.

«Жұмыс орындарының сақталуына ерекше назар аударылып отыр. Компаниялар тобында 207 мың адам еңбек етеді. Қор компания топтарына кері әсерді болдырмау шараларын қабылдап жатыр. Ағымдағы жағдайдың компанияларымыздың қаржылық тұрақтылығына ықпалы болады. Сондықтан біз өндіріске тікелей әсер етпейтін операциялық және басқа да шығындарды оңтайландыру жұмыстарын бастадық», – деді Есімов.

Қор басшысы 2020 жылдың 1-тоқсанындағы нәтиже бойынша, қоржынды компаниялардың өндірістік көрсеткіштері жөнінде де сөз қозғады. Бұған дағдырысқа қарсы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.

«Мұнай-газ саласындағы көрсеткіштер тұрақты. Тоқсан нәтижесі бойынша мұнай жоспардағыдан 2 пайызға артық өндірілді. Яғни, 6 млн. тонна көлемінде. Бұл 2019 жылғы деңгейден 30 пайызға жоғары», – дейді қор басшысы.

Газ тасымалы 24,4 млрд. текше метр болған. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштерден 10 пайызға артық.

Көмір өндіру көлемі 12,4 млн. тонна болды. Бұл да жоспарлы көрсеткіштен артық. Электр қуатын жеткізу көлемі жоспардағыдан 5 пайызға азайған. Өйткені, көтерме нарық субъектілері мен мемлекетаралық электр қуаты транзитінің көлемі азайған.

Ахметжан Есімовтің айтуынша, коронавирус пандемиясының жағымсыз әсерінен көлік-логистикалық саланың жолаушы тасымалдау сегменті зардап шегіп отыр. Жүк тасымалы біршама тұрақты. Жеткізілмеген жүк тасымалы 5 пайызға жеткен. Қытайдан Еуропаға транзиттік жүк тасымалы ақпан айымен салыстырғанда наурыз айында 30 пайызға өскен.

Карантин жағдайы телекоммуникация саласына да жүк түсіріп отыр. «Қазақтелеком» желілеріндегі жүктеме 30 пайызға артқан.

Ахметжан Есімовтің берген есебі бойынша, 2020 жылдың наурыз айында Қор 1 маусымға дейін Samrk Kazyna Construction тұрғын үйлер мен коммерциялық жылжымайтын мүліктердің жалға беру ақысын шегеру туралы шешім қабылдаған. Айыппұл санкциялары мүлде салынбайды. Бұл жеңілдікке 37 мың ел азаматы қол жеткізген. Ақшаға шаққанда, бұл – бақандай 2,3 млрд. теңге. Сонымен қатар, Қор Денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктеріне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне маска сатып алуға 500 млн теңге бөлген. 

Тегтер: