Ахметов «Ұлы дала алтынын» арқалап, Англияға кетті...
27 қыркүйекте Кембридж университетінің (Ұлыбритания – ред.) музейінде «Ұлы дала алтыны» көрмесі басталды. Көрмеге ШҚО-да,ы сақ қорғандарынан табылған алтын бұйымдар қойылған...
16 қыркүйекте порталымызда «Ұлы дала алтынын Ұлыбританияға әншілер арқалап апара ма?» деген мақала жарияланған.
Облыс әкімі Д.Ахметов «көрмеде қазақ даласының, біздің бабаларымыздың рухын оятатын» әндер шырқалатынын айтып, бұл міндетті Made in KZ дейтін топтың мойнына жүктепті.
Құрамында екі жігіт пен бір қыз ән шырқайтын топ 2015 жылы құрылған. Сөз жоқ, салыстырмалы түрде қарағанда, топтың әндері тәп-тәуір екен. Ұлттық колорит, қазақы нақыш анық сезіледі, өйткені топ құрамындағы қоңыр дауысты сүйкімді қыз екі домбырашы жігіттің сүйемелдеуімен ән шырқайды. Бірақ...
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі осы топты Ұлыбританияға апарып, «Ұлы дала алтыны» көрмесінің ашылуында ән шырқату үшін бюджеттен 19,7 млн теңге шығындаған.
Онда да бұл музыкалық құрал-жабдықтарын, киім-кешектерін, қатынас көлігін қоспағанда, әртістердің визасының өзіне 2,4 млн теңге, ұшып баруына – 1,8 млн теңге, қонақ үйде 8 тәулік жатуына – 2,6 млн теңге, гонорарына 1 млн теңгеден төлемек...
Біз осы мәселеге қатысты ШҚО әкімі Д.Ахметовтің атына ресми сауал жолдағанбыз. Кесімді мерзім аяқталса да, әкімдік әлі үнсіз. Соған қарағанда, осы сапарға байланысты бүгіп қалуға тырысатын «сырлары» бар сияқты.
Фото: әлеуметтік желіден.
Made in KZ тобы әлеуметтік желідегі парақшасында Кембридж музейінде түскен суреттерін жариялады. Облыс әкімі Д.Ахметов те Англияда жүр екен. Фотода топтың ортасында қасқайып облыс әкімінің өзі тұр.
«Ахметов Англияға қандай ұшақпен барды? Қайдан түстенді? Қандай қонақ үйге жатты? Бұған бюджеттен қанша қаражат жұмсалды?» деген сұрақтар тағы бір ресми сауалға жүк болуға жарайды...