Қаржы
«Аграрлық несие корпорациясы». Таза пайдасы азайған компанияда басшылардың бонусы НЕГЕ өсіп барады?
«ҚазАгро» холдингі жабылғаннан кейін, «Байтерек» холдингінің қоластына өткен «Аграрлық несие корпорациясы» 2021 жылдың қортындысын жариялады. Компанияның таза кірісі екі есеге азайып, есесіне, басшылары алған бонустар екі есеге көбейген.
Аграрлық несие корпорациясы (АНК) 2021 жылы активтерінің көлемін 806,4 миллиард теңгеге арттырған. Міндеттемелері 535,8 миллиард теңге болды. Фермерлерге кредит беруден түскен таза проценттік кірісі 68,9 миллиард теңгеге жетті. Ал аудиттелген таза табысы – 8,7 миллиард теңге.
2020 жылы компанияның таза табысы 18,6 миллиард теңге болатын. Бірақ оны қазіргідей KPMG емес, BDO аудиттегендіктен, табысты есептеу методикасына сұрақтар туындап отыр. Қазіргі аудиттік есебінде KPMG компания басшылығының күтілетін кредиттік шығындарды есептеу кезіндегі олқылықтарын жіпке тізіп берді.
"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: KPMG
Таза табыс 18,6 миллиард теңгеден 8,7 миллиардқа азайса, директорлар кеңесі мен басқарма мүшелеріне төленетін сыйақы, керісінше, 132 миллион теңгеден 229,5 миллион теңгеге дейін өскен. Бір жылда плюс 100 миллион теңге десек болады. Бір қызығы, АНК-ның қарапайым қызметкерлерге төлейтін жалақысы өспепті. 2020 жылы компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін 3,5 миллиард теңге, ал 2021 жылы 4,3 миллиард теңге жұмсаған.
"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: KPMG
Аграрлық несие корпорациясы құрылғанына 20 жылдан асты. Ол 2001 жылы құрылып, «ҚазАгро» холдингінің құрамында болған. 2021 жылы «ҚазАгро» жабылып, компания «Бәйтерек» холдингінің құрамына кірді.
Аграрлық несие корпорациясының проблемалық кредиттері өсіп барады. Ол үшін алаңдауға негіз бар. 2021 жылдың қорытындысы бойынша заңды тұлғаларға берілген 3-кезеңдегі несиелердің (потенциалды проблемалық кредит) жалпы баланстық құны 304,2 млрд теңгеге жетті, бұл 2020 жылдың басымен салыстырғанда 1,8 есеге жоғары.
Солай бола тұра, компания басшылығы күтілетін кредиттік шығындар бойынша резервті 62,6 млрд теңге немесе 20,6% деңгейінде көрсеткен. Аудиторлардың пікірінше, бұл – өте аз көрсеткіш.