Аграрлық несие корпорациясы өңірлерге 22,5 млрд теңге бөлді

2021 жылы 7 желтоқсанда «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы Аграрлық несие корпорациясы қазақстандық журналистер үшін Маңғыстау облысында баспасөз турын өткізді.
Тур барысында БАҚ өкілдері «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында шағын бизнеске микронесие беру рәсімдерімен танысып, МҚҰ-нан несие алған кәсіпорындарға барды.
Кәсіп бастап өзін және өзгелерді жұмыспен қамтуға ниетті азаматтарға Аграрлық несие корпорациясы қаржылай қолдау көрсету мақсатында 6% жеңілдетілген несиені барлық саладағы шағын бизнеске беруге дайын. Ол үшін Корпорация 22,5 миллиард теңге мөлшерінде микроқаржы ұйымдарын қорландыруға арналған кредиттік желілер ашты. Несиені «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған 15 микроқаржы ұйымдарынан алуға болады. Микроқаржы ұйымдары Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан басқа, еліміздің барлық өңірлерінде қызмет көрсетеді.
Маңғыстау облысындағы шағын кәсіпкерлерді микронесиелендіруге 1 млрд теңге бөлінді. Бүгінде бөлінген қаражаттан облыс бойынша 283 млн теңге игеріліп, 60-тан астам жоба қаржыландырылды. Тағы 200-ге жуығы келер жылдың басында жүзеге асады.
Қордан қаржы алған шаруашылықтың бірі Түпқараған ауданы, Шапағатов ауылындағы «Есен Сейіт» шаруа қожалығы. Олар МҚҰ-нан 8 бас түйе сатып алуға және оны өсіруге шағын несие алды.
Ал Қуаныш Даншабаев «Алпамыс» шаруа қожалығының басшысы бағдарлама арқылы 4 млн теңге несие алып, Оралдан 6 бас сиыр мен 5 тонна кебек алып келген. Айтуынша, бұл кәсіпті енді бастағандар үшін өте тиімді.
– Шағын кәсіпкер үшін несие алу шарттары тиімді. Сондай-ақ жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Ал басқа банктерде, алдың келесі айда төлейсің. Осы жағынан тиімді болған үшін бір айын оқып, бір ай күтіп кредитімізді алдық. Менікі тек сүттік бағытта. Сүтті сауып дүкендерге тапсырамыз. Одан қалғанынан ірімшік, брынза дайындаймыз. Несиені сол мақсатта алдым. Алты айдан кейін төлдейді. Төлдеген кезде жұмыс жүріп бастайды. Әзірге тек бағып жатырмыз, – дейді Қуаныш Даншабаев.
Сонымен қатар Ақтауда «Hi MOM» балалар киім дүкенінің иесі Жанбөпе Құрақбаева жеңілдетілген несие арқылы кәсібін дөңгелетіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер «Бастау Бизнес» жобасы аясында білімін жетілдіріп, бизнес жасаудың қыр сырын меңгерген.
МҚҰ қорландыру ауылшаруашылығы саласында ғана емес басқа да салаларда бизнесті дамытуға қол ұшын созады. Мысалы несиені киім-кешек және азық-түлік дүкендерін, автосервистер мен химиялық тазалау қызметі, қаржы сұлулық салондары, тігін шеберханасы мен бөбекжайлар ашу мақсатында да алды.
Шағын несиеге қол жеткізу үшін кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсын аяқтау қажет. Дәріс тегін жүреді. Сондай-ақ кепіл мүлкінің болуы шарт. Мал өсіру бағытында берешек қаржыны қайтару мерзімі 7, қалған салаларда 5 жылға дейін.
– Осы бағдарламаны іске асыруда Аграрлық несие корпорациясы кәсіпкерлік субъектілерінің кең ауқымын қолжетімді қаржыландыруға жәрдемдеседі. Өз кезегінде бұл ауылдық жерлерде азаматтардың әл-ауқатының деңгейін арттыруға әсер етеді: жұмыс орындары пайда болады, жаңа өндірістер ашылада, қызмет көрсету саласы дамиды және тағы басқа, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ маркетинг және PR қызметінің басшысы Руслан Ескендір.
Бағдарлама биыл алғашқы жыл жүзеге асуда, келер жылы сұраныс көп болса жалғасуы мүмкін