Трамптың жаңа жарлығы: Ағылшын тілі – Америка Құрама Штаттарының ресми тілі

Енді мемлекеттік органдар мен мекемелердегі қызметтер тек ағылшын тілінде көрсетіледі.
Алматы, NEGE. АҚШ президенті Дональд Трамп ағылшын тілін елдің ресми тілі ретінде бекітетін жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ВВС.
Тарихи құжатқа сәйкес, АҚШ-тың федералды деңгейдегі құжаттары, мемлекеттік органдар мен мекемелердегі қызметтер тек ағылшын тілінде көрсетіледі.
«АҚШ-та 350-ден астам тіл қолданылады, бірақ біз ұлттық бірлікті сақтау үшін ортақ тілді ресми етуіміз қажет», – делінген жарлық мәтінінде.
Үкіметтің 2019 жылғы деректеріне сәйкес, АҚШ-тың 68 миллионға жуық тұрғыны үйінде ағылшын тілінде сөйлемеген. Олардың көпшілігі өзге тілді қолданған. 40 миллионнан астам тұрғын испан тілінде сөйлесті деген дерек бар.
Трамптың шешімі бұрынғы президент Билл Клинтонның 2000 жылғы жарлығын жояды. Ол кезде мемлекеттік мекемелерге ағылшын тілін білмейтін тұрғындарға аударма қызметтерін ұсыну міндеттелген болатын. Енді мемлекеттік органдар өз қалауларына қарай өзге тілдерде қызмет көрсету қажеттігін өздері шешеді.
Ағылшын тіліне ресми мәртебе беруді жақтайтын ProEnglish тобының мәліметінше, ағылшын тілі АҚШ-тың 50 штатының 32-сінде ресми тіл ретінде танылған болатын. Енді бұл заң федералды деңгейде де күшіне енді.