25 Қазан 16:34
...

Ағайынды Әлібаевтар: «Серік Үмбетовтің туыстары жала жауып, соққыға жықты»

Фото:

Nege.kz редакциясына Алматы облысының Жамбыл ауданынан ағайынды жігіттер Мадияр мен Сапарбек Әлібаевтар шағымданды. «Үмбетовтерден жәбір көрдік» деген жігіттер Мемлекет басшысына, Ішкі істер министріне, Бас прокурорға және басқа да құзыретті органдарға  хат жолдаған.

«Бізге Ғабит Үмбетовтің 56 бас жылқысын ұрладыңдар деп айып тағып жатыр. Бірақ біз ешқандай жылқы ұрлаған жоқпыз.

15 қазан күні сағат 4-5-тің шамасында Ғабиттің баласы Аян Үмбетов үш-төрт адаммен келіп, мені үйден алып кетті. Жол-жөнекей мені ұрып-соғып, мәшинемен сүйреді. «Жылқыны сендер ұрладыңдар» дейді. Бірақ біз ешқандай жылқы ұрлаған жоқпыз.

Басыма қара пакет кигізіп, мені белгісіз бір жерге алып барды. Басымнан пакетті шешкен кезде ол жер Ғабит Үмбетовтің үйі екенін көрдім.

Ол жерде де мені ұрып-соқты. Ғабит ағаның өзі сол жерде болды. Мені ұрғанын, бәрін көрді. «Аға, жылқыны біз алған жоқпыз ғой!», – деп аяғына жығылған кезде ол: «Жоқ, сендер алдыңдар! Сапар бар, сен бар! Мойында!», – деді. Мен ештеңе мойындамаған соң аяқ-қолымды байлап, қораға тастап қойды.

Ертеңінде мені Жамбыл аудандық ішкі істер бөліміне алып келді. Ол жерге жеткенше «жылқыларды ұрлағаныңды мойында!» деп ұрып барды. Соққылар жаныма батқаннан кейін ағам Сапар Әлібаевты айттым.

Ішкі істер бөлімінде бізді төрт күн ұстады. Төрт күн бойы ұрды. «Жылқыны сендер ұрладыңдар!» деп. Біз ешқандай жылқы ұрлаған жоқпыз! Әділ шешім шығаруларыңызды сұраймын!

№12 ауруханадан тексерістен өттім. Денемнің бәрі ауырады. Бүйрегім, басым ауырып тұр», – дейді жарақаты жанына батқан Мадияр Әлібаев.

Ал оның бауыры Сапарбек Әлібаев Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пен Елбасы Н.Назарбаевтан араша сұрап, көк-ала қойдай болған денесін көрсетті.

«Құрметті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Мен сіздерден көмек сұраймын!

15 қазанда Ғабит Үмбетовтің айтуымен және оның баласы Аянның айтуымен мені ішкі істер бөліміне әкеліп, «ұрланған жылқыларды мойныңа ал!» деп, үш күн ұрып-соғып, азапқа салды», – деген С.Әлібаев денесіндегі жарақаттарды көрсетті.

Тілшіміз Үмбетовтер соққыға жыққан жігіттердің бірі Мадияр Әлібаевқа хабарласты.

– Мадияр, жағдайың қалай?

– Басым солқылдап, денем көтертпей тұр...

– Не себепті күдік сендерге түсті? Қандай да бір айғақ зат, дәлел табылды ма?

– Ешқандай да дәлел жоқ. Өйткені біз жылқы ұрлаған жоқпыз. Бұрын бізде жұмыс істеп кеткен бір келіншектің айтуымен ғана бізді айыптап отыр. Ол келіншек қазір Ғабит Үмбетовте жұмыс істейді.

– Ғабит Үмбетов деген кім?

– Серік Үмбетовтің інісі. Мені соққыға жыққанда Ғабит аға болды. Жалынып аяғына жығылып едім, тыңдамады. «Әйел айтып отыр, жылқыны сендер ұрладыңдар!», – деп бет бақтырмады.

Ағам Сапарбек қазір ауруханада. Оны полиция іздеп жатқан көрінеді. Ал мен үйдемін. Соққыдан денем көтертпей, басым солқылдап тұр...

«Үмбетовтер мен полиция ұрып-соқты» деген жігіттердің шағымына байланысты Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен түсініктеме алғымыз келген. Алайда облыстық полицияның баспасөз қызметі әзірге үнсіз...

Nege.kz порталы бұл істі өз бақылауында ұстайды. 

Тегтер: