21 Желтоқсан 10:16
...

АЭС-ті қолдаймын деп Петр Своик «таяқ жеп» қалды

Фото:

Алдымызда елімізді энергетика тапшылығы күтіп тұр. Энергетика министрлігінің есебінше,  2025 жылы қажеттілік 5596 МВт деңгейге өседі. Бұл Экібастұздық ГРЭС-1 және ГРЭС-2 өндірген қуаттан әлдеқайда артық. Сонда да, аталған уәзірлік жаңа қуатқа қажеттілікті жабу жоспарын жасаудан тартынып келеді. Бұл туралы Петр Своик Фейсбук арқылы ой бөлісті.

Демек, «АЭС салу керек пе, жоқ па?» деген сауалдың әлі басы ашық. Қаласақ та, қаламасақ та, алдымыздан орағытып шыға беретін түрі бар. Жеме-жемге келгенде, мұқтаждық пен үрей салмағының қайсысы басым түсері әлі айқындала түспек. Әрине, қоғамдық пікірге жүгінсек, қарсылар қарасының көптігі дау туғызбаса керек.

«АЭС салуға дауыс берілсе, халықтың 98 пайызы қарсы шығады. Олардың 45 пайызының энергетикадан мүлде хабары жоқ, ал 48 пайызының «ұғымға» еш қатысы жоқ. Одан хабары бар Энергетика министрлігі жаңа қуатқа қажеттілікті жабу жоспарын жасаудан тартынып келеді. Қанша жерден қарсылық болса да, АЭС-сіз еліміздің энергетикасы дами алмайды. Өмір шындығы осы», – дейді Петр Своик.

 

Маман мұның «атом бомбасы» болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ «атом энергиясын ұқыпты пайдаланып, кәдеге асыра алатын халық болса, ол – қазақтар емес» дегенді әдемі меңзеп отыр. Бірақ тығырықтан шығар басқа жол жоқ болған соң, бәрібір АЭС салуға мәжбүр екенімізді де тұспалдайды.

«Ұлттың саналылығы өзін нақты білуден, өзіне деген жауапкершіліктен басталады. АЭС сынағын бәрібір тапсыруға тура келеді», – деп қорытынды жасайды ол.  

 

ЫждаҺатпен қараса, атом қуатының артықшылықтары көп. Ауаны бүлдірмейді, таусылмайтын, арзан қуат көзі. Сондықтан, қолдаушылар да табылады. Мәселен, Петр Своиктің ойын Владимир Рерих әрмен қарай былай тарқатады:

«Атом энергетикасы – Қазақстанның көзірі. Барлығы бар бізде. Орасан зор уран кеніші, элетрқуатын сатып алушылар да бар. Чернобыль қаупін барынша азайтатын, қалдықтарды көму мәселесін реттейтін жаңа технологиялар керек. Отыз жыл бұрын академик Сахаров бұл туралы сөз еткен еді. Ол АЭС-тен қашып құтыла алмайтынымызды, стансаны терең қазып, жер астына салу керек екенін айтқан. Бұл – ада болмайтын қуат көзі. Басқарылатын термоядролық реакция жарық, жылу береді. Жер шарын мың жыл бойы асырай алады. Бірақ қазір жасыл түнек жеңісін тойлап жатыр», – деп, Рерих жасылдар қозғалысына теріс көзқарасын жеткізді.  

 

Экологтардың АЭС десе, төбе шашы тік тұратыны жасырын емес. Чернобыль мен Фукусима апаты, оның салдарлары әлі күнге дейін адамзаттың зәре құтын қашырып отыр. Бір қателік мыңдаған өмірді жалмап, миллиондарды сал етеді. Залал-зардабы ғасырларға созылады. Сондықтан да болар, АЭС соңғы жылдары «модадан» қалып барады. Ал трендтегі жасыл энергетика залалсыз болғанымен, құны өте қымбат. 

«Станса салуға мүмкіндік бермейді. Қоғамдық пікір мақсатты түрде жасалып жатыр. Жапония мен Германияда стансалар жабылуда. Реакторлар төмен байытылған отындықтарға өтті», – дейді Данил Масягин.

 

Петр Своиктің «ұлттың саналылығы» туралы ойы, «ұғымға» еш қатысы жоқ» деген астамшыл пікірлері кейбір адамдардың шымбайына батып кеткені аңғарылады. Мәселен, журналист Ұлан Шамшет АЭС-ке, Своиктің осы сөздеріне қарсылығын былай білдірген:

«Сіз әлі біздің халқымызды жаңалықтар қарамайтын әлемдегі ең ақымақ халық деп ойлайсыз ба? Дамыған елдердің бәрі балама энергия көздеріне өтіп жатыр. Чернобыль мен Фукусима аздық ете ме? Сізге бәрібір. Бір аяғыңыз көрде. Балаларыңыз Ресейге немесе Еуропаға кетеді. Есіңізге сала кетейін, Орал қазақтары Қазақстанның солтүстік облыстарын тартып алмақ боп, романовтардың 300 жылдығын тойлайын деп жатқанда, сіздің қай жақта болғаныңызды біз әлі ұмытқан жоқпыз».

 

Осылайша, АЭС салуды қолдаймын деп, Своик «таяқ жеп» қалды.

Шадияр Өстемірұлы

Тегтер: