10 Маусым 16:34
...

АЭС салынған қалалар қалай өзгереді – әлем елдерінен мысал

Exit poll
Фото: ғаламтордан

Атом электр станциясы орналасқан өңірлерде жұмыс орындары көбейіп, инфрақұрылым жаңарып, жергілікті бюджет еселене түседі, деп хабарлады BAQ.KZ.

Әлемде 31 елде 440-тан астам коммерциялық ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта 13 елде 61 реактордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, 30-дан астам ел ядролық энергетика бағдарламаларын қарастырып жатыр.

АҚШ – Plant Vogtle

Джорджия штатындағы Plant Vogtle – Америкадағы ең ауқымды атом жобаларының бірі. АЭС құрылысы кезінде 14 мыңға жуық адам жұмысқа тартылды. Кейін 900 тұрақты жұмыс орны ашылып, жаңа энергоблоктардың іске қосылуы тағы 800 жаңа жұмыс орнын әкелді. Станция жыл сайын Бёрк округінің бюджетіне 28 млн доллар салық төлейді – бұл жалпы кірістің 74%.

Қала халқы – 5 700 адам шамасында. АЭС қызметкерлерінің көбі маңайдағы аудан-қалалардан қатынап жұмыс істейді. Дегенмен станция арқасында округтегі мектептер мен қоғамдық инфрақұрылым тұрақты қаржыландырылып келеді.

Франция – Фламанвиль

Нормандиядағы бұл шағын ауылда екі энергоблоктан тұратын Фламанвиль АЭС орналасқан. Мұнда 1 100 адам тұрақты жұмыс істейді. 2016 жылы үшінші блоктың құрылысы кезінде 5 000-ға жуық жұмысшы тартылды. Бұл – Котентен түбегінің өндірістік әлеуетін 30%-ға арттырды деген сөз.

Ауылдың өзінің халқы аз болса да, көрші Шербур қаласында халық саны тұрақты сақталған. Жоба өңірге жастарды тартып, демографиялық серпін берді. АЭС жергілікті бюджетке жыл сайын 20 млн еуро түсіріп отыр. Осы қаражатқа спорт залдары, балабақшалар мен мәдениет үйлері бой көтеріп, әлеуметтік жағдай жақсарды.

Жапония – Касивадзаки-Карива

Әлемдегі ең ірі АЭС-тің бірі – Касивадзаки-Карива станциясында 6 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның 3 500-і – жергілікті тұрғындар. Касивадзаки қаласы мен көрші Карива ауылының бюджетіне жыл сайын 11 млрд иенге дейін субсидия мен салық түседі. Ел үкіметі АЭС орналасқан өңірлерге жалпы көлемі 250 млрд қаржы бағыттаған. Бұл өңірлерде жастарға жұмыс табылып, халықтың ірі қалаларға көшу қарқыны баяулады. АЭС маңында жолдар, мектептер, ауруханалар мен тұрғын үйлер салынды – бұл жергілікті өмір сапасын арттырып отыр.

Оңтүстік Корея – Пусан (Кори АЭС)

Пусан қаласы маңындағы Кори АЭС – елдегі ең ірі ядролық энергетика нүктелерінің бірі. Мұнда 5 500 адам жұмыс істейді. АЭС пен оған қызмет көрсететін салалар жергілікті экономикаға мультипликативті әсер беріп отыр – машина жасау, қызмет көрсету салалары қарқынды дамыған.

Пусан ірі мегаполис болғандықтан халық санына тікелей әсер етпесе де, АЭС орналасқан Ульджин сияқты ауылдық аймақтарда жастар көбейіп, тұрғын саны тұрақтана бастаған. Мемлекет ядролық аймақтарға инфрақұрылым тұрғысынан ерекше қолдау көрсетеді. Мысалы, Гёнжу қаласында кіші модульдік реакторлар кластерін салуға 300 млрд вон бағытталып отыр.

Ресей – Нововоронеж (Нововоронеж АЭС)

1950-жылдары атом станциясымен бірге құрылған Нововоронеж қаласы бүгінде «атомград» аталып кеткен. АЭС – Воронеж облысындағы ең ірі салық төлеушілердің бірі. 2013-2020 жылдар аралығында қала бюджетіне 2,5 млрд рубльден астам салық түскен.

Бұл қаражатқа балабақшалар жөнделіп, спорт кешендері мен мәдени нысандар салынған. Ауылдан қалаға көшу қарқыны бәсеңдеп, жалақы деңгейі өңір бойынша жоғары деңгейде тұрақтады. Қалада заманауи "АтомАрена" спорт кешені салынып жатыр, ал жылу мен электр энергиясы АЭС арқылы үздіксіз жеткізіледі.

Қытай – Хайян

Қытайдағы Qinshan АЭС – елдің алғашқы атом станциясы. Соңғы 40 жылда Хайян уезі "ядролық астана" атанып үлгерді. Бұл аймаққа 11,8 млрд доллар инвестиция тартылып, 130-дан астам өндіріс ошағын қалыптастырды. АЭС 9 энергоблокпен жылына 52 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді.

Хайян халқы соңғы онжылдықта 370 мыңнан 456 мыңға өсті. АЭС арқасында жастар өңірде тұрақтап қалды. 2021 жылы АЭС-тің жылу энергиясы арқылы 4 000 үйге орталық жылу беріліп, "ядролық қала" аясында зерттеу орталықтары мен тұрғын үйлер салынуда.

Беларусь – Островец (БелАЭС)

Беларусь АЭС-ін салу туралы шешім алғаш рет 2008 жылы қабылданды. Алғашқы жылдары халық арасында әртүрлі пікір болғанымен, бүгінде жергілікті тұрғындар бұл жобаның тиімділігін толық мойындап отыр. Станция 555 жылдық тарихы бар Островец қаласында бой көтерді.

2012 жылы ғана қала мәртебесін алған Островец сол уақыттан бері қарқынды дамуда. Бұрын 8 мың халқы бар аудан болса, бүгінде тұрғын саны 14 мыңнан асты. АЭС құрылысы басталғаннан кейін қала кеңейіп, жаңа шағын аудандар мен инфрақұрылым нысандары пайда болды. Әлеуметтік және спорттық ғимараттар салынып, халықтың тұрмыс сапасы арта түсті.

Островец – жас қала. Демографиялық өсім біртіндеп жүргенімен, көрші аудан мен облыстардың да әлеуметтік жағдайы айтарлықтай жақсарған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы облысының Үлкен ауылында жақын уақытта атом электр станциясы бой көтереді. Қазір қазақстандықтар ауқымды құрылыстың басталуын асыға күтіп жүр.