Әділет министрі көп әйел алуға қатысты пікір білдірді: «Ондай тәжірибем жоқ»
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев көп әйел алу немесе тіркелмеген неке туралы кеңес бермейтінін айтып, мұндай мәселеде тәжірибесі жоқ екенін мәлімдеді.
Астана, NEGE. Мәжіліс кулуарында журналистер әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа АХАТ-та тіркелмей, тек діни рәсім арқылы қиылатын неке туралы сұрақ қойды. Тілші мұндай одақтарда әйелдер мен балалардың құқықтары кей жағдайда қорғалмай қалатынын айтып, бірнеше әйел алуға бейім ер адамдарға қандай кеңес берерін сұрады.
Министр сауалға жауап бере отырып, ең алдымен Қазақстан заңнамасына сәйкес неке тек мемлекеттік тіркеуден өткен жағдайда ғана заңды күшіне ие екенін еске салды. Ал «кеңес» мәселесіне келгенде, Ерлан Сәрсембаев әзіл араластыра жауап беріп, мұндай жағдайға қатысты жеке тәжірибесі жоқ екенін айтты.
«Мен мұндай мәселеде кеңес беретіндей тәжірибем жоқ. Өзім заңда көзделген тәртіппен некеге тұрдым. Басқа формадағы некені өзім үшін қабылдаған емеспін және қабылдамаймын», – деді Ерлан Сәрсембаев.
Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметкер ретінде ең бастысы – баланың құқығын қорғау екенін атап өтті. Министрдің мәліметінше, баланы тәрбиелеу мен асырау міндеті екі ата-анаға да бірдей жүктеледі. Егер ата-ананың біреуі алимент төлеуден жалтарса, оны сот арқылы өндіріп алуға болады.