«Әділ сөз» журналист Александра Алеховаға қатысты істі тоқтатуға шақырды
Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры журналист Александра Алеховаға қатысты істің сотқа жолдануына байланысты мәлімдеме жасады.
Астана, NEGE. Журналистке Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бапта масс-медиа арқылы адамның жеке құпиясына жататын дербес деректерді заңсыз таратып, оның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру туралы жауапкершілік көзделген. Аталған бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Іс материалдарына сәйкес, Алехова жәбірленушінің полицияда есепте тұрғанын жариялаған.
Алайда «Әділ сөз» қоры бұл деректер бұған дейін танымал Telegram-арналардың бірінде жарияланғанын айтады. Жәбірленуші сол жарияланым бойынша полицияға арызданғанымен, ол кезде қылмыстық іс қозғалмаған.
«Қазір мынадай жағдай қалыптасып отыр: жәбірленушінің жеке өміріне қатысты мәлімет алғаш рет ашық жарияланғанда, құқық қорғау органдары оны заңбұзушылық деп танымаған. Ал кейін дәл сол ақпаратты қайта жариялағаны үшін журналист қылмыстық жауапқа тартылып отыр.
Құпия саналатын мәлімет көпшілікке жария болғаннан кейін құпия мәртебесін жоғалтады. Сондықтан жұртқа бұрыннан белгілі ақпаратты қайта тарату құпияны жария ету деп бағаланбауы керек», – дейді қор өкілдері.
Бұл іс журналист Олег Гусевке қатысты оқиғаны да еске салады. Бұған дейін ол да осы мәліметтерді таратты деген айыппен сотталған. Оның ісі ашық сот отырысында қаралған. Соның нәтижесінде жәбірленушіге қатысты мәліметтер сот актілерінде де көрініс тапқан.
Қордың мәліметінше, Олег Гусев ісіндегі үкімде жәбірленуші туралы арнайы есептен алынған мәліметтердің таралуына байланысты полиция ішінде қызметтік тексеріс жүргізілгені көрсетілген. Оның нәтижесінде кінәлі қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
«Яғни полициядағы қызметтік ақпараттың сыртқа шығуына жол берген адам қылмыстық жауапқа тартылмаған. Ал сол кезде көпшілікке таралып кеткен ақпаратты пайдаланған журналист ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отыр», – деп атап өтті қор өкілдері.
«Әділ сөз» қоры журналистерді қылмыстық қудалау тек нақты әрі жеткілікті құқықтық негіз болған жағдайда ғана жүргізілуі керек деп санайды. Қор заңдылық, құқықтық айқындық және заң алдындағы теңдік қағидалары сақталуы тиіс екенін атап өтті.
Қор сот бұл істі қарау кезінде барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті бағалайды деп үміттенеді. Сондай-ақ «Әділ сөз» Александра Алеховаға қатысты қылмыстық қудалаудың тоқтатылуы тиіс екендігі туралы ұстаным білдірді.