Әділет министрі саяси ұйымдардан қанша өтініш түскенін білмейді екен

Бүгін Мәжіліс отырысына Әділет министрі Қанат Мусин қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Қанат Сергейұлы Nege.kz тілшісінің саяси партияларды тіркеуге қатысты сұрақтарына енжар жауап берді.
– Елімізде бірнеше азамат партиясын тіркете алмай жүр. Сіз жуырда министр болып келдіңіз, енді саяси ұйымды тіркеу жылдамдай ма?
– Партияны тіркеу министрге қатысты мәселе емес. Партияны тіркеу рәсімі – тек қана құжаттарға ғана байланысты дүние. Егер тіркеу үшін өткізген құжаттар дұрыс болса, тіркеп береміз. Ал құжатта қателер немесе заң бұзушылықтар болса, онда тіркеу тоқтатылады.
– Қаңтар көтерілісінен кейін партия құруға ынталы азаматтар көбейді. Осы жағдайдан кейін министрлікке ресми түрде құжаттар келіп түсті ме?
– Жоқ, келіп түскен жоқ. Әзірге бізге бірде-бір партиядан өтініш келіп түскен жоқ.
– Қоғам белсенділері партия құру үшін билік түрлі кедергілер келтіретінін айтады. Алдағы уақытта оң өзгеріс бола ма?
– Партияларды тіркеу рәсімі заңда көрсетілген тәртіп бойынша жүзеге асады. Бәрі заң бойынша ғана.
– Партия құрушы азаматтар «Әділет министрлігі әйтеуір бір шикілік тауып, партияны тіркемейді» дейді. Осы айыппен келісесіз бе?
– Жоқ келіспеймін.
– Нақты қандай құжаттарда кемшілік жиі кездеседі?
– Партия құрған кезде белгіленген тәртіп бойынша 20 мың адамның қолы қажет. Сол тізімді тексерген кезде қайтыс болып кеткен адамдар мүше болып жатады. Қайтыс болған адамдарды тізімнен алып тастауымыз керек қой. Оларды қалай тізімге қосамыз? Қажетті адамдардың саны жетпей қалғаны үшін құжаттарды қайтарамыз.
– 140 млн-нан астам халқы бар Ресейде партия құру үшін 500 адамның тізімі жеткілікті. Ал 19 млн халқы бар Қазақстанда неге 20 мың қол талап етіледі?
– Енді Ресей мен біздің елдің заң талаптары бөлек. Оны бір-бірімен сәйкестендіруге болмайды. Бұрын 40 мың қол талап етілетін, қазір оның саны 20 мыңға дейін азайтылды. Осы жеткілікті.
– Осыны жақсы өзгеріс деп есептейсіз бе?
– Иә, жақсы өзгеріс.
– Партия құру үшін қажетті қолды 20 мыңнан 500 немесе ары кетсе 5 мыңға дейін түсіру керек деген ұсыныс айтылып қалады. Бұған не дейсіз?
– Тап қазіргі таңда ондай қажеттілікті көріп тұрған жоқпын.
– Яғни Қазақстанда партия құру үшін 20 мың қол талап ету дұрыс деп санайсыз ғой?
– Дұрыс деп санаймыз. Ресей мен біздің елдің заңын сәйкестендіруге болмайды деп есептеймін.
– Кейбір заңдарды Ресеймен сәйкестендіріп те жүрміз ғой...
– Заңды қабылдайтын – Парламент. Әділет министрлігі заңды тек қана орындайды.
– Сіз министр болып тұрған кезде Әділет министрлігі жаңа саяси ұйымдарды тіркей ме?
– Әрине, тіркейді. Алайда қазіргі таңда бірде-бір азаматтан партияны тіркеуге байланысты өтініш келіп түскен жоқ.
– Жалпы осы уақытқа дейін сіздерге қанша партия тіркелу үшін өтініш берді?
– Мен мұны нақты айта алмаймын. Менің алдымда болған министрдің жұмысынан хабарсызбын.
– Елдегі саяси процестерден хабардар болуы тиіс лауазымды тұлға ретінде кімдердің өтініш бергенін білуіңіз керек қой?
– Мысалы Нұржан Әлтаев «Ел тірегі» партиясын тіркеу бойынша өтініш берген. Олардың өткізген құжаттары заң талаптарына сай емес болып шықты. Сондықтан да аталған партия тіркелген жоқ.
Партияны тіркеу, тіркемеу немесе партияның санын азайту мен көбейту Әділет министрлігінің мәселесі емес қой. Біз заң талабын орындаймыз. Қай партия бізге құжаттарын тіркеуге берсе, соны тексеріп, өткіземіз.