24 Желтоқсан 09:56
...

Адам ағзаларын сатты деген күдікті Польшадан экстрадицияланды

Видеодан скриншот/Бас прокуратура
Фото: Видеодан скриншот/Бас прокуратура

Бас прокуратура адам ағзаларын сатты деген күдікпен іздеуде жүрген Украина азаматының Польшадан  экстрадицияланғанын хабарлады.

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, ол 2017-2018 жылдар аралығында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі бола отырып, адам ағзаларын заңсыз сатып алу-сатумен айналысқаны үшін күдікке ілінген.

«Оның рөлі донорлар мен реципиенттерді іздеу және олардың арасындағы кездесулерін ұйымдастыру, органдарды сатып алу-сату мен трансплантациялау операцияларын құпия ұстау және ұйымдастырушылық қолдауды қамтамасыз ету болған», – делінген бас прокуратура хабарламасында.

Жалпы алғанда, қылмыстық топ мүшелері Қазақстан аумағында және басқа елдерде тірі адамдардың органдарымен 56 заңсыз мәміле жасап, яғни Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында сатып алу-сату және кейіннен трансплантацияны ұйымдастырған.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, 5 жыл бойы халықаралық іздеуде болған.

«Осы жылдың наурыз айында ол Польша шекарасын кесіп өтпек болған кезде ұсталып, Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. 

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады прокуратура өкілі.

Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін бұл қылмыстық ұйымның екі мүшесі Түркия мен Ресейден қайтарылған болатын.