Адал азамат тәрбиелеудегі жас педагогтың рөлі
Білім беру саласында дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білген жас педагогтардың еңбегі ерекше. Солардың қатарында заманауи көзқарасы мен кәсіби ізденісімен танылып жүрген орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақерке Сағиева бар.
Ақерке Болатбекқызы 2021 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Хлебодар орта мектебінде бастап, екі жыл ішінде кәсіби тәжірибе жинақтап, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман ретінде қалыптасты.
2025 жылдан бастап ол жаңа форматтағы білім беру ұйымы саналатын Ақтөбе облысы Сарыжар орта мектебі №3 ұжымына қосылды. «Келешек мектебі» форматында жұмыс істейтін бұл оқу орны оқушылардың жеке дамуы, сыни ойлау қабілеті мен азаматтық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған.
Жас педагогтың айтуынша, мұндай мектепте қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе «Адал азамат» бағдарламасы оқушылардың адамгершілік және азаматтық қасиеттерін дамытуда маңызды рөл атқарады. Сабақ барысында адалдық, жауапкершілік, сыйластық сияқты құндылықтар тек теория жүзінде емес, нақты іс арқылы түсіндіріледі.
Ақерке Болатбекқызы «Адал азамат» бағдарламасының элементтерін орыс тілі мен әдебиеті сабақтарына жүйелі түрде енгізіп келеді. Көркем шығармаларды талдау кезінде оқушылар кейіпкерлердің мінез-құлқын саралап, адалдық пен әділдік ұғымдарын өмірмен байланыстырады. Сонымен қатар шығармашылық тапсырмалар арқылы азаматтық жауапкершілік, отансүйгіштік, отбасы мен дәстүрге құрмет тақырыптары қамтылады.
Педагог жобалық оқыту әдістерін де белсенді қолданады. Оқушылар ұлы тұлғалар туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің мәнін талдайды, азаматтық және адамгершілік тақырыптарында пікірталастарға қатысады. Бұл олардың сыни ойлау, шығармашылық және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар мектепте ұлттық мерекелерге, мәнерлеп оқу байқауларына және көрнекті тұлғаларға арналған іс-шараларға белсенді қатысу дәстүрге айналған. Мұндай жұмыстар оқушылардың елге, жерге және мектепке деген мақтаныш сезімін қалыптастырады.
Бүгінде Ақерке Болатбекқызы еңбек ететін жаңа форматтағы мектепте цифрлық сауаттылықты, көшбасшылық қасиеттер мен тұлғалық даму дағдыларын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Мұнда баланың тек оқу үлгерімі ғана емес, жан-жақты дамуы басты назарда.
Жас ұстаз адал, жауапты әрі отаншыл азамат тәрбиелеу ел болашағының берік негізі екеніне сенімді.