Абзал Құспан Құрылтайға неге өтпеді және ендігі жоспары қандай?
Партиялар Құрылтай сайлауына түсетін кандидаттар тізімін бекіткелі, саяси алаң қызу талқыға ұласты. Кандидаттар арасынан әдеттегідей шоу-бизнес өкілдері болғанымен, қоғам ілтипатына бөленген іскер экс-депутаттар табылмады. Солардың бірі – заңгер Абзал Құспан.
Астана, NEGE. Жаңа Қазақстан жаңа тұлғаларды іздегенімен, қоғам Құрылтайда бұған дейін жылы ілтипатқа бөленген экс-депутаттарды қайта көреміз деп үміттенгені жасырын емес. Алайда, өткен шақырылымда «тісі мен мінезін» көрсетіп, белсенділігімен көзге түскен Ермұрат Бәпи, Бақытжан Базарбек, Ринат Зайытов секілді тұлғалардың ешбірі бұл жолы партиялық тізімдерден орын таппады. Тізімде заң үстемдігі үшін күрескен Абзал Құспан да жоқ. Бұл жағдай қоғам көкейінде түрлі күмән мен мазасыз сауалдарды тудырды – аталған тұлғалар енді қайда барады және қоғам мүддесін қай шепте қорғамақ?
Редакция тарихи міндетін аяқтаған Парламент Мәжілісінің бұрынғы фавориттеріне сауал жолдағанымен, көкейкесті мәселелер жауапсыз қалды. Дейтұрғанымен, осыған дейін бірмандатты округ бойынша сайланған экс-депутат Бақытжан Базарбек өзінің саяси болашағын AMANAT партиясымен байланыстыратынын мәлімдеген еді. Алайда кейін бұл партия жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылды, ал Базарбек оның тізіміне енбеді.
Өз кезегінде Ермұрат Бәпи «Әділет» партиясынан шақырту алмағанын, сондай-ақ парламентке «қайтсем де кіруім керек» деп бар күшін салып ұмтылмағанын айтты. Ол өзге партиялардан ұсыныстар түскенімен, оларды қабылдамағанын да атап өтті.
Ринат Зайытов болса, Парламент тарамай тұрып-ақ Құрылтайға бармайтынын мәлімдеген.
Ал редакция сауалына жауап берген белгілі заңгер Абзал Құспан бұл жолы өз соқпағымен жүруді жөн санапты. Ол асығыс қадам жасамай, алдымен күш жинап алуды көздейді. Сонымен қатар, экс-депутаттың қазіргі таңдағы назары мемлекеттік лауазымдарға емес, еркін нарыққа ауып отыр.
«Әзірге аздап демалып, алдағы жоспарларымды саралап алғым келеді. Күзге қарай қай бағытта жұмысымды жалғастыратыным нақтыланады деп ойлаймын. Қазіргі таңда нақты бір шешім қабылдаған жоқпын. Дәл қазіргі уақытта жеке қызметке, яғни бизнес бағытына көбірек көңілім ауып тұр», – деді Құспан.
Саяси науқандардың ережесі бойынша, халық арасында беделі жоғары тұлғаларды өз қатарына тарту – кез келген партия үшін үлкен олжа. Тіпті осы тұлғалар арқылы партиялар электораттың едәуір бөлігін өз жағына тарта алады. Алайда, Абзал Құспанның айтуынша, оған ешбір партиядан ұсыныс түспеген:
«Ешқандай ұсыныс болған жоқ. Өзім де ешбір партияға барып, ұсыныс жасап немесе сұранып көрген емеспін. Сондықтан бұл жерде себеп екі тараптан десе де болады».
Заңгер қызметі мен мансабы ауысса да, қоғамдық жұмыстардан қол үзуге ниетті емес екенін жеткізді. Алдағы уақытта қоғамға құқықтық кеңес беріп, тәжірбиесімен бөлісуді көздейді.
Мандатсыз ықпал: экс-депутаттардың саяси салмағы кеми ме?
Саяси сахнадағы майталмандардың Құрылтай додасына жіберілмеуіне қатысты сарапшылар да сан түрлі жорамал жасады: бірі олардың дербес көзқарасы партияның ішкі тәртібімен үйлеспеді десе, екіншісі шектен тыс белсенді риторика жүйеге ұнамаған болуы мүмкін деп долбарлайды. Ал саясаттанушы Риззат Тасымның пікірінше, партиялар бұл жолы басымдықты белсенді экс-депутаттардан гөрі тұтас топтың ортақ жауапкершілігіне берген болуы мүмкін.
«Партиялар осы жолы жекелеген саяси тұлғалардан гөрі тұтас топтың атқарар жұмысына, кәсібилігіне және ортақ жауапкершілігіне басымдық берген болуы ықтимал. Оған қоса, бұл жағдай саяси бәсекенің логикасы өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Бұрын қоғамға танымал тұлғаның тізімде болуы партияның электоралдық мүмкіндігін арттыратын негізгі факторлардың бірі саналса, қазір партиялар ұзақмерзімді институционалдық әлеуетін арттыруға, кадрлық резервін және топтық тұтастығын көрсетуге ұмтылып отыр».

Сарапшы электоралды салмағы бар экс-депутаттардың негізгі саяси феноменін де ерекше бағалады. Бақытжан Базарбек жер мәселесімен, Ермұрат Бәпи саяси реформалармен, Ринат Зайытов ұлттық мүддемен, ал Абзал Құспан құқық үстемдігімен көзге түсе білген. Сонымен қатар, олар халыққа жақын тілде сөйлей білді.
«Олар қоғамдағы әділеттілікке, ашықтыққа және шынайы саяси өкілдікке деген сұранысты жақсы сезініп, сол мәселелерді қоғамдық-саяси күн тәртібінде ұстауға ұмтылды. Халық сенімінің тағы бір себебі сөйлеу мәнерінің түсінікті әрі тікелей болуында. Бюрократиялық қалыпқа түскен сөздерден гөрі қоғамға жақын тілмен сөйлеп, нақты азаматтардың мәселелерін көтерді және қажет болған жағдайда саяси тәуекелге баруға дайын екенін көрсетті», – деді сарапшы.
Саясаттанушы партиялық тізімдерден тыс қалу бұл саясаткерлерге деген қоғамдық сұраныстың төмендегенін білдірмейтінін айтады. Оған қоса, елдің қоғамдық-саяси үдерістеріне мандатсыз-ақ ықпал етуге мүмкіндік бар.
«Онлайн-петициялар, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық құрылтай секілді кеңесуші демократия тетіктері қоғамдық мәселелерді мемлекеттік күн тәртібіне шығарудың тиімді құралдарына айналды. Енді заң шығару бастамасы құқығына ие негізгі консультативтік-кеңесші орган Халық кеңесі де өз жұмысын бастайды. Бұған азаматтық қоғам ұйымдарын, қоғамдық кеңестерді, академиялық-сарапшы қауымдастықтар мен ақыл-ой орталықтарын қосыңыз. Тіпті e-Otinish секілді қарапайым цифрлық платформалар арқылы да мемлекеттік органдардан ресми жауап талап етіп, нақты мәселенің шешілуіне ықпал жасауға мүмкіндік бар», – деді сарапшы.
Шынайы халықтық тұлғаны мандат емес, оның артында тұрған мыңдаған сайлаушылардың сенімі мен депутаттың орындаған уәдесі анықтайды. Ендігі кезек – уақыт пен жаңа мүмкіндіктердің еншісінде.