Әбілғазиннің әлегі. Олигарх НЕГЕ «отпен ойнап» жүр?
Қазақстандық байлардың тізімінде биыл 21-орында тұрған Данияр Әбілғазин соңғы жылдары NEGE-нің зерттеу нысанына айналды. Өйткені олигархтың өзі де тыныш жүрмейді, бірде Франция мен Мальтаны шу-шұрқан етеді, енді бірде Грекияның жерін өртейді. «Жүрген жеріне шөп шықпайды» дейтін сөз осындайларға қарата айтылса керек, сірә...
Олигарх Данияр Әбілғазиннің Еуропаға сәтсіз «жорығы» туралы біз бұған дейін жазғанбыз. Кәдімгі чекист, «кэгэбэщник» Әбілғазин Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы күйеубаласына жақын жүргенінің арқасында бас айналдыратын байлық жинап алғаны белгілі.
Тақырыпқа орай: «Париж қорғанының тұтқыны» немесе әулетке жақын Әбілғазин
Атақты Париждің қақ ортасында – Артуа көшесі, №23 мекенжайда төрт қабатты аса сәнді әрі өте қымбат ғимарат бар. Париждің ең негізгі тарихи нысандарының көпшілігі әлгі ғимараттан қол созым жерде орналасқан. Триумфалды аркаға, Эйфель мұнарасына, Трокадеро бағына, Қолөнер музейіне, Мүгедектер үйіне жаяу баруға болады. Осы аудандағы үйлердің орташа құны 10 млн еуро екен.
Бұл қымбат ғимарат кімдікі деп ойлайсыз? Әрине, бүгінгі кейіпкеріміз Данияр Әбілғазиндікі. Онда да былай: ғимаратты Швейцарияның Анси қаласында тіркелген SCI Paris Apartment Alpha деп аталатын компания басқарады. Компанияның иесі Айдан Сүлейменова – Данияр Әбілғазиннің әйелі. Күні кеше Грекиядағы Гидра аралын өртеп жібергендердің арасында Әбілғазиннің әйелі Айдан Сүлейменова да болған.
Кейбір телеграм-каналдардың жазуынша, Тимур Құлыбаевтың бизнес әріптесі миллиардер Данияр Әбілғазин Грекиядағы орман өртіне қатысты дауды өшіру үшін 350 мың доллар жұмсапты. Және бұл қаражат тек Қазақстан мен Ресейдің ақпарат құралдарын блоктау шығыны ғана көрінеді. Ал енді олигарх Грекиядағы өртті қанша ақшамен «өшірмек» болғаны белгісіз.
Тақырыпқа орай: Грекиядағы шатақ: Аралды өртегендер арасында олигарх Әбілғазин мен банкир Шаяхметова болған
Бір анығы, алғашқыда гректің құзырлы органдары «Қазақстан азаматтарының өртке қатысы жоқ» деген. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияр да «Грекияда қазақстан азаматтары ұсталмағанын» мәлімдеген. Алайда, гректің көзі ашық қоғамы қойсын ба, Әбілғазин мен оның командасын құлағынан сүйреп шығарды.
Естуімізше, Грекияның Климаттық дағдарыс және азаматтық қорғаныс министрлігі мен Афины қаласының мэрі Геғоргос Кукудакис Данияр Әбілғазин мен Қазақстанның басқа да он алты азаматын сотқа бермек. Отпен ойнаймын деп 120 гектардан астам қарағайлы орманды өртеп жібергені үшін.
Грекияның заңы экологияға орасан зиян келтіргендерге өте қатал. Егер гректер Әбілғазин мен оның командасының абайсызда орман өртеп жібергенін дәлелдей алса, кінәлінің қай елдің азаматы екені қарамастан, 20 жылға соттауы мүмкін. Мұның сыртында қыруар айыппұлы тағы бар.
Қазақстандық байлардың Гидра аралын өртеп жібергенін дәлелдеу гректерге аса қиынға соқпайтын сыңайлы. Еріккен байлардың 290 мың долларға яхта жалдап алғаны, тарсылдатып фейерверк атқаны, соның салдарынан орман өртенгені, олар өртті өз бетінше өшіре алмаған соң ұшақтарына міне сала қашқаны – басы ашық жайт. Көп ұзамай гректер құжатын қаттап, Қазақстанға сұрау салуы мүмкін. «Кінәлілерді экстрадиция жасаңдар, сазайын тарттырамыз» деп. Қызықтың көкесі сонда болады.
Қаңтар оқиғасынан кейін біраз олигархтың жүні жығылып қалған. Бұлардың арасында Данияр Әбілғазин де бар. Оның Алматыда қыруар қаржы жұмсап үстел теннисі орталығын ашқаны, Үстел теннисі федерациясының вице-президенті болып сайланып алғаны тегін емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бір-екі партия теннис ойнап, мәселесін шешіп алғысы келетіндей. Бірақ ол ойы іске аса қояр ма екен?
Олигарх біраз уақыт қоғам назарынан тыс қалып, мәселесін шешіп алғандай болған. Алайда Грекияда өзі тұтатқан өрт оның балағын шалып, балтырын күйдірді. Олигарх өзі ғана шатылған жоқ, командаластарын масқара қылды, Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтірді.
Қаңтар оқиғасының алдында Дариға Назарбаева мен оның достары қымбат яхтада әлдебір қуанышты атап өтіп, шыр айнала билеп, ән айтып жүрген видеосы тарағаны есте. Білетіндердің айтуынша, бұл салтанатты кеш «Дариғаның жақында президент болу құрметіне арналған» деседі. Көп ұзамай Қазақстанда Қаңтар қырғыны болды. Ал енді Әбілғазин бастап, Шаяхметова қостаған «тимуршыл топ» ненің құрметіне той тойлады?
Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, жуырда Әбілғазин мен оның достарының да Грекиядағы шат-шадыман мерекесі таспаланған видео жариялануы мүмкін. Сонда тағы біраз құпияға куә болатын сияқтымыз.