Әбілқайыр Сқақов: «Қоғамдық келісім – Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі»

ҚР Конституциясы күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға қоғам қайраткерлері, ҮЕҰ, бизнес-қауымдастық, депутаттық корпус өкілдері, оқу орындарының оқытушылары қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысын ашқан облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Ата заңымыздың көпұлтты Қазақстан халқын біріктірудегі аса үлкен рөлін атап өтті.
– Еліміздегі жетістіктер Конституциямызға тікелей байланысты, – деді Әбілқайыр Сқақов. – Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Еліміздің тәуелсіздігі – еркіндік пен бостандықты ғасырлар бойы аңсаған халқымыздың қол жеткізген асыл арманы. Қоғамдық келісім – Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі.
Өңір басшысы 30 жыл ішінде өңірдегі этно-мәдени бірлестіктер санының үштен 116-ға дейін жеткенін атап өтті. Оған қоса, қазіргі кезде әртүрлі этностардың өкілдері өздерінің конституциялық құқықтарын пайдалана отырып, өздерінің тарихи отандарына бармай-ақ, ана тілі мен мәдениет оңай оқып үйрене алатынын ерекше айтты.
Іс-шараға қатысқан «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар» қоры облфилиалы басқармасының мүшесі Мұхит Жақсылықұлы Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлтты ұйыстырушы ретіндегі маңыздылығына тоқталды.
– Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жай ғана құрдас емес, - деді ол. – Бұл тұрақтылықтың, жаңғырудың және өркендеудің іргетасына айналған екі ұлы құндылық. Ассамблея құра отырып, біз ұлттық бірлікке өз жолымызды таптық.
Өз кезегінде, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров Ата Заңның ел жетістіктерінің қайнар бастауына айналғанын атап өтті.
– Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық, – дейді Ербол Қайыров. – Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.
Отырыс кезінде басқа да баяндамалар тыңдалды. Сонымен бірге қатысушылар назарына өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық жетістіктері мен Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік жобалардың қорытындылары туралы «Павлодар облысы – Тәуелсіздік шежіресі» атты бейнеролик ұсынылды.