11 Мамыр 15:45
...

«АБЫЛАЙ, саған айтам, ТИМУР, сен тыңда!»

Фото:

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметовтің қолына екінші мәрте кісен салынды.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оған «алаяқтық жасады», «аса ірі көлемде пара алды» деген айып тағып, қылмыстық іс қозғады. Күдікті қазір Астананың уақытша оқшаулау абақтысына қамалған.

Кейбір бейресми деректерге қарағанда, оған пара берген Талғат БОРАНБАЕВ көрінеді. Ол – күні кеше сегіз жылға сотталған олигарх Қайрат БОРАНБАЕВТЫҢ туған інісі.

Естеріңізде болса, Абылай Мырзахметов 2003 жылы «мемлекет мүлкіне қол салды» деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айырылып, кейін түрмеден босап шыққан-ды.

Соңғы кездері сот атышулы істерді жиі қарайтын болды. Бұл нені көрсетеді? Әр істің астарында не жатыр? Қаңтардың әсері ме? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейгені ме, әлде олигархтардың басына шын мәнінде бұлт үйіріле бастағаны ма?

NEGE тілшісі бұл жөнінде шағын сауалнама жүргізіп көрді:     

Оразалы ЕРЖАНОВ, саясаткер:

Пара алатындай құзыреті жоқ

– Қайрат Боранбаев сотталды. Пара берген соның інісі екен. Абылай Мырзахметов «делдал болды» деп ұсталып жатыр. Бұл хабар түнде ғана шықты. Солай болды ма, жоқ па, әліптің артын бағып көрейік. Тағылған айыптар растала ма, әлде құқық қорғау органдары «жаңсақ әрекет болды» деп шыға ма, ол жағы бір-екі күнде белгілі болады.

Заң бойынша, тергеу қолындағы айғақтарымен сотқа апаруы керек. Оған қазір уақытша оқшаулау шарасы белгіленген. Ұсталған соң екі күннің ішінде қамалатыны-қамалмайтыны жөнінде сот шешімі шығуы тиіс.

Меніңше, ол өзі пара алмаған. Өйткені, пара алатындай, айып тағылған адамды босата алатындай құзыреті жоқ.

Айыбы дәлелденсе, бұл ақшаны кімге апарып бермек болғаны ашық айтылуы керек. Параның көлемі өте көп. 30 миллион доллар! Мұндай параны беру үшін істе нақтылық керек болады. «Бір адаммен сөйлестім, ол ақша алатын болды, мына күні шығарады» дегендей. Тергеу органдары бұл істің егжей-тегжейін халыққа ашық айтуы тиіс.

Дос КӨШІМ, саясаткер:

Бұл – белгілі бір кланмен күрестің жалғасы

– Бұл – Назарбаевтың төңірегіндегі адамдарға қысым жасау акциясының жалғасы. Тоқаев Назарбаевтың жақын адамдарды, күйеубалаларын, қыздарын қыссаса, халық риза болады деп ойлайтын шығар. Меніңше, бұл – халықтың назарын басқа жаққа аудару әдісі.

Елімізде дәл осындай жолмен байыған адам аз емес. Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев 162 олигархты жинап алды. Соның ішінде Назарбаевқа туысқандық жағынан жақыны – 3-4 пайыз ғана. Ал қалғандарының мұртын балта шапқан жоқ. Өз басым, мұны олигархтарға қарсы күрес емес, Назарбаев әулетіне қарсы күрестің көрінісі деп есептеймін.

Бір жағынан «Назарбаев әулетімен күресіп жатырмыз» деп алдарқатса, екінші жағынан сол әулеттің байлықтарын екінші бір әулет білдірмей тартып алып жатқан тәрізді.

Бәленбай миллион теңге қайтарылды деп айтылып жатыр. Бірақ осы миллиондар қалай кетті? Кімдер кінәлі? Мәселен, Үшқоңыр жерін берген кімдер? Кінәлілер жауапқа тартылды ма? Ол жағынан мүлде хабарсызбыз. Демек, бұл – бір топтың екінші топтың ақшасын тартып алуы. 

Сондықтан мұны олигархтармен күрес деп айта алмаймын. Белгілі бір кланмен күрестің жалғасы.

Десе де, мұның арты жемқорлық топтарға қарсы күреске ұласуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймын.

Тазабек СӘМБЕТБАЙ, ЖСДП төрағасының орынбасары:

Боранбаевтың жазасын жеңілдету үшін әрекет етуі ықтимал

– Бұл мәселені мүмкіндігінше зерттедік. Қоғамда үлкен резонанс тудырып, жұртшылықтың әділетті ашу-ызасын тудырып отыр. Өйткені, өкінішке қарай, квазимемлекеттік саладағы лауазымды тұлғалар пара беріп, пара алып жатыр.

Абылай Мырзахметов «Атамекен» корпорациясының вице-президенті ретінде мәртебесін пайдаланып пара алып отыр деп болжаймыз.

Әрине, тергеу әлі басқа ақпараттарды ашпай отыр. Бірақ кейбір деректерге қарағанда, пара берген – бұған дейін жазаға тартылған Қайрат Боранбаевтың туған бауыры. Бұған біз таңғалмаймыз. Осы іске қатысты пара беру әрекеті болуы әбден мүмкін. Абылай Мырзахметов Қайрат Боранбаевтың жазасын жеңілдету мақсатымен құқық қорғау органдарымен астыртын байланысқа шығуы ықтимал.

Тегтер: