16 Наурыз 17:22
...

Абдулхалил Долкунтай: Жағдайы жақсы болса, көшеге ешкім де шықпайды

Фото:

Президенттің Жолдауы көптің көңілінен шығатындай жақсы бастамаларға толы болды. Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» Қоғамдық бірлестігі басқармасының мүшесі Абдулхалил Долкунтай осындай баға беріп отыр.

«Президентіміздің Жаңа Қазақстан құру бастамасын  қолдаймыз. Қазақстан халқы ассамблеясына Сенаттан орын беріп отыр. Әкімдердің партия мүшесі болмайтынын да айтып өтті. Халықтың қалауы да осы», – дейді Абдулхалил Долкунтай.

Оның пікірінше, халықтың тұрмысы түзелсе, елдегі ахуал да жақсарады.

«Қаңтар қасіреті кезінде жағдайының жоқтығынан халықтың көшеге шыққанын пайдаланып, бұзықтар өзінің жымысқы пиғылын іске асырмақ болды. Осындай бұлғақты болдырмау үшін Президент көтерген бастамаларды қолдап, орындауымыз қажет. Жақсы жобалар арқылы елімізді экономикасы дамыған, дәулетті елдердің қатарына қосуға мүмкіндік бар», – дейді ол.

Абдулхалил Долкунтайдың пікірінше, Қапшағайдың Алматы облысының орталығына айналуы халық үшін игі іс болды. Алматының кейбір аумақтары үшін Талдықорған шалғай жерде жатыр. Қалаға Қонаевтың атын беруді де халық қолдайды.

«Қонаев – Қазақстан үшін үлкен еңбек сіңірген тұлға. Сондай-ақ Семей де өз алдына облыс болып құрылмақ. Бұл мақсатта қаржы бөлінеді, халықтың жағдайы да жақсара түседі.

Абдулхалил Долкунтай жаңа облыс орталықтарында жаңа жұмыс орындары ашырып, жастардың жұмысқа орналасатынын айтады.

«Халыққа тыныштық керек. Өсіп жатқан бала-шаға жұмыс, пәтер, үй қажет. Жағдайы жақсы болса, көшеге ешкім де шықпайды. Президент бастамалары іске асатын болса, халықтың тұрмысы түзеледі деп ойлаймын. Сондықтан бір мақсатқа жұмылып, ат салысу абзал», – дейді Қоғамдық бірлестік өкілі.

Тегтер: