11 Тамыз 01:32
...

Абайдың 180 жылдығы: Аламан бәйгеде Павлодардың жылқысы бірінші келді

Абай облысы
Фото: Абай облысы әкімдігі
Абайдың 180 жылдығына арналған спорттық сайыстардың жеңімпаздары белгілі болды.  

Алматы, NEGE. Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндіктің соңғы күні Абай ауданы Қарауыл ауылында аталып өтілді. Оған 50 мыңға жуық адам жиналды. Жалпы осы 10 күн ішінде 100-ге жуық шара өткен.

Ұлттық спорттың бірнеше түрінен сайыстар да ұйымдастырылды. «Жеті қазына» фестивалі аясында жорға жарысы, топ бәйге (16 шақырым) мен аламан бәйге (25) өтті. Қазақ күресінен «Түйе палуан» (90 келіден жоғары) мен «Өгіз палуан» (74 келіге дейін) анықталды.

– Жүлделі орындарға ие болған спортшыларға облыстың демеушілері атынан жалпы саны 90 жылқы мен 10 автокөлік сыйлық ретінде берілді. Ерекше атап өтерлігі, ұлы Абайдың жақсы көрген ойыны тоғызқұмалақ сайысы мен 180 шақырымдық ултьрамарафонға еліміз бойынша тұңғыш рет автокөлік сыйға тартылды. Семей мен Қарауыл арасын 19 сағат, 9 минутта жүгіріп өткен Баубек Ильясов (Батыс Қазақстан облысы) жарыс жеңімпазы атанды. Тоғызқұмалақ сайысында шымкенттік Ғалымжан Темірбаев бірінші орынды иеленді. «Түйе балуан» сайысында маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов, «Өгіз палуан» сайысында алматылық Жігер Еркінұлы қарсылас шақ келтірмеді. «Топ бәйгеде» Алматы облысының, «Аламан бәйгеде» Павлодар қаласының, жорға жарысында Қырғызстанның жүйрігі топ жарды. Жүлдегерлердің барлығы көлікті болды. «Жеті қазына» фестивалінің жеңімпаздары жүлдеге жылқы алды, – деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Аймақ басшысы Берік Уәли мерейтойлық онкүндік аясында той тойлауға емес, ой ойлауға, рухани, зияткерлік, танымдық, спорттық шараларға баса мән берілгенін айтты.

– Жалпы 10 күндік іс-шаралар елдің береке-бірлігінің арқасында жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. «Абай академиясы» атты энциклопедиялық портал ашылды. Бірнеше кітаптың тұсауы кесілді. Мыңнан астам команда қатысқан «Абай куиз» интеллектуалдық ойыны өткізілді. Зағип жандар мен нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана іске қосылды. Бүгін өздеріңіз көргендей, жүлде қорларының әр аймаққа, тіпті қырғыз еліне дейін кеткені қуантады. Осы ретте тойдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан облыстың жанашыр азаматтарына алғыс айтамын, – деді әкім.