Президенттен сөгіс алған Нұрлан Ұранхаев НЕГЕ жаңа қызметке тағайындалды?

Абай облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ұранхаев Премьер-министрінің кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл ақпаратты Үкіметтің баспасөз қызметі растады.
Бүгін бірқатар ақпарат құралдары Нұрлан Ұранхаевтың Премьер-министрдің кеңесшісі болып тағайындалғанын жарыса жазды. Сонда Ұранхаев Бектеновке қандай кеңес береді? Қолда бар мәліметке сенсек, енді Нұрлан Ұранхаев Үкіметте құрылыс және өнеркәсіп мәселелеріне жетекшілік ететін көрінеді. Яғни Үкімет басшысына құрылыс пен өнеркәсіп жөнінен кеңес беруі мүмкін.
Естеріңізде болса, 2023 жылы маусымда «Семей орманы» табиғи резерватында алапат өрт болып, 14 адам қаза тапқан. Мемлект басшысы 12 маусымды «Қаралы күн» деп жариялады.
11 маусымда өткен жедел штаб отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа қатаң сөгіс берді. Бұл Ұранхаев әкім болып тағайындалғанына тұп-тура бір жыл болған кез еді. Оның "басын аман алып қалған" да осы - тағайындалғанына көп болмауы.
Бірақ бұдан кейін де Ұранхаев шаруаны дөңгелетіп әкете алмады. Жеке басы мен отбасы дауға шатылды, қарамағындағылар жемқорлыққа ұрынды. Ақыры 2025 жылы 14 ақпанда қызметінен босатылған.
О.Бектенов Ұранхаевтың қандай қасиетін бағалағанын кім білсін, әйтеуір өзінің жанына тартып алды. Бәлкім, оның бизнеске ебі бар екені ескерілген болар?..