30 Желтоқсан 16:51
...

Абай облысындағы 4 баланың қазасы: жүргізушіге үкім шықты

Видеодан скриншот/24.kz
Фото: Видеодан скриншот/24.kz

Абай облысы Бестерек ауылында қақпа маңында ойнап отырған алты баланы көлікпен қағып кеткен жүргізуші 9 жылға сотталды. Бұл туралы Абай облыстық соты хабарлады.

Астана, NEGE. Сот сотталушыны Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабымен кінәлі деп таныды.

Жүргізушіге 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Ол  жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болды. Сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.

Сот балалардың ата-аналарының моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талабын қанағаттандырып, 50 млн теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, биыл 19 тамыз күні Бестерек ауылында Toyota көлігін тізгіндеген ер адам жол жиегінен небәрі он метр қашықтықта, үйдің қақпасының алдында ойнап жүрген 6 баланы қағып кеткен. Оқиға салдарынан үш бала қаза тапты. Екеуі оқиға орнында, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Тағы үш бала ауыр жарақат алды.

Қазан айында жол апатынан зардап шеккен тағы бір қыз қайтыс болды. Қалған екі бала ауруханадан шығарылды.

Қайғылы жағдайдан кейін 55 жастағы жүргізушінің 10 жылдан астам уақыт бойы  «эпилепсия» диагнозымен медициналық есепте тұрғаны белгілі болды.