Абай облысында ауылдық мектептер заманауи талаптарға сай жаңғыртылды
«Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірлескен «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы шеңберінде Абай, Бесқарағай, Көкпекті және Бородулиха аудандарының мектептері үлкен қолдауға ие болды.
Әр ауданның бір мектебіне 250 миллион теңгеден бөлініп, олардың материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды. Жобаның жалпы құнын 1 миллиард теңге құрайды.
Жобаның мақсаты - ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы теңсіздікті жоюға жәрдемдесу.
Бородулиха ауданы Ә.Бөкейханов атындағы қазақ мектебінде 33 жаңа кабинет пайдалануға берілді. Абай ауданы Жалпы білім беретін Қарауыл гимназиясында 26 кабинет жаңғыртылды. Бесқарағай ауданы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінде 35 кабинет қайта жабдықталып, мектептің акт залы, спортзал мен асханасы жаңартылды. Көкпекті ауданы Ж. Шайжүнісов атындағы орта мектебінде 27 жаңа кабинет оқушылардың игілігіне берілді.
Әр аудандағы мектептерде мектепалды даярлық сыныптарынан бастап, бастауыш, орта және жоғары сыныптар үшін арнайы жабдықталған физика, химия, биология, информатика кабинеттері, қыздар мен ұлдарға арналған технология кабинеттері, сонымен қатар робототехника, ART-студия, STEM-зертхана, Intellectum кабинеті, музыка және телестудия кабинеттері ашылды.
2022 жылдан бері жоба аясында ауылдық мектептер заманауи талапқа сәйкес жабдықталып келеді. Бұған дейін қайырымдылық жобасына Аягөз, Ақсуат, Жарма аудандарынан үш мектеп кірген.
Анықтама үшін: Абай облысында барлығы 309 мектеп бар, оның ішінде 302- мемлекеттік,7 - жекеменшік. Қалалық жерлерде 75, ауылдық жерлерде 227 мектеп орналасқан, оның ішінде 154 шағын жинақты мектеп бар.