Абақтының бастығына айыппұл салынды
Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданық сотында азаматтық іс бойынша ерекше сот процесі басталды. Заңгер Бұрхан Жансейітов үш бірдей заңды тұлға – ЕЦ 166/1 мекемесінен, Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен және ІІМ-нің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен бір теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етіп отыр. Қылмыскерлер мен күдіктілерді күзетумен айналысатын мекемелер соншама не бүлдірді? («Символическая терапия», Время газеті)
– Былтыр 16 қарашада адвокат Мұрат Амитовпен бірге өзімнің қорғауымдағы адаммен кездесу үшін астанадағы тергеу абақтысына бардым, – дейді Бұрхан Жансейітов. – Ол осы ЕЦ 166/1 мекемесі болатын. Кіреберістен-ақ тергеу абақтысы қараусыз қалғанын байқадым. Қар күрелмеген, төңірегі қоқысқа толы. Ал ең бастысы – маңдайшадағы Қазақстан Республикасының туы жыртылған! Тәуелсіздігіміздің басты нышандарының бірі әбден кірлеп кеткен көнетоз шүберекке айналған! Осы заң бұзушылықты заңды түрде тіркеу үшін полиция шақырттым.
Бұл заңгер бұрын да Қазақстан Республикасының туы мен елтаңбасының орналасуы, күтіміне қатысты жағдайларға мемлекеттік органдардың назарын аударып жүрген. Оның шағымынан соң бас қалада Байқоңыр ауданы полиция басқармасының бастығы Жандос Батырбеков жауапкершілік арқаласа, Алматыда заңгер Жетысу аудандық ІІБ маңдайшасындағы ескірген туды ауыстыртқан.
– Тергеу абақтысына полиция шақырғанымда, келген тәртіп сақшылары мені арыз жазбауға үгіттеді, – дейді Бұрхан.
«Бір жолға тек ескертумен шектелейік, бауырым». Маған тура осылай деді. Сонда олар жолда ереже бұзғандарды тоқтатқанда, бірінші жолы кешіріп, жібере сала ма? Олай ететініне күмәнім бар. Сондықтан арызымды қабылдап, тіркеуін талап етіп табандап тұрып алдым. Кейін маған осы оқиғаны тексеру нәтижесінде ЕЦ 166/1 мекемесінің бастығы Дәурен Мәжиттің мемлекеттік туды пайдалану тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, оған 50 АЕК айыппұл салынғаны туралы хабарлама келді.
Бұдан бөлек, оны өзіне сеніп тапсырылған аумақты таза ұстамағаны үшін де жазалапты. Бірақ заңгер мұны да азсынған.
– Тергеу абақтысы бастығының өз міндеттемелерін салғырт орындағаны туралы деректер расталғандықтан, мен оның басшылығына хабарласып, Мәжитті тәртіптік жауапкершілікке тартасыздар ма деп сұрадым. Маған ЕЦ 166/1 мекемесінің бастығына айыппұл салынды, соның өзі жеткілікті деді. Басқаша айтқанда, елдің мазасын алып, жұмыс істеуіне кедергі келтіресің деген сыңайдағы жауап алдым. Сол себепті де сотқа шағымдандым, – дейді заңгер.
Енді судья Сәуле Спандиярова ІІМ ҚАЖК, астаналық ҚАЖД және ЕЦ 166/1 уақытша оқшаулау мекемесі өздерінің әрекетімен заңгер Жансейітовке моральдық зиян келтірді ме деген сұраққа жауап беруі тиіс.
– Мен моральдық өтемақыны әдейі бір теңге деп белгіледім. Мен үш мемлекеттік органның басшылары даудың басы менен емес, мемлекет рәміздеріне деген көзқарастан басталатынын түсінгенін қалаймын. Менің ойымша, бұл – мемлекеттік органдардың ел туына құрмет көрсетпеуіне қатысты тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең алғашқы сот шағымы.
Көзіқарақты оқырман Бұрхан бұдан не ұтады деп сұрауы мүмкін. Өйткені ол жауапсыз, бойкүйез шенеуніктерді жазалауға қаншама уақыты мен қаржысын сарп етеді. Әлде хайп қуалаған заманның ұшығы тиді ме?
– Мұның бәрін хайп үшін жасасам, онда апта сайын әлеуметтік желіге рәміздерімізді қорлағандар туралы жазар едім, – деп күледі сұхбаттасымыз. – Қазір менде елдің әр өңірінен осындай «клиенттерім» бар. Жұмыс бабымен жиі ел ішін аралаймын, сонда мемлекеттік органдардың туға, елтаңбаға, әнұранға қалай болса солай қарайтынын, тіпті ел үкіметі бекіткен талаптардан хабарсыз екенін байқаймын. Тәртіп сақшыларын шақырып, шағым жазамын, бойкүйез шенеуніктерді жазалайды, солай еткен соң ғана олар еліміздің мемлекеттік нышандарын тәртіпке сай орната бастайды. Атымды осылай шығарғым келсе, баяғыда-ақ блог ашып, сол жаққа күнде осындай бейнежазба жариялап тұрар едім, миллиондаған адам маған тіркелер еді. Бірақ менің мақсатым осы мәселеге мемлекеттік органдар мен қоғам назарын аудару, сол себепті қазір сот жүріп жатыр. Бұл жағдай талай шендінің мемлекеттік нышандар мен рәміздерге деген көзқарасын түзетеді деп үміттенемін.
Михаил КОЗАЧКОВ, фото Бұрхан Жансейітов