4 Ақпан 15:10
...

«Абай тағылымы» атты көрме – Түркияда

Фото:

Ақын Абайдың әдеби мұраларын кеңінен насихаттау мақсатында Анадолы жерінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті тағылымды шара ұйымдастырды. 

Алматы, NEGE. Оқу орнының ресми өкілі – баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асанның айтуынша, Нийде Өмер Халисдемир университетіндегі Қазақ-түрік мәдени білім беру ғылыми-зерттеу орталығында өткен жиын бауырлас мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастықты айқын аңғартты.

«Қыздар университетінің делегациясы аталған орталыққа Абай Құнанбайұлының шығармалары мен ол туралы іргелі зерттеу еңбектері топтастырылған елу кітапты сыйға тартты. Сондай-ақ қазақстандық жетекші жоғары оқу орнының бастамасымен «Абай тағылымы» тақырыбында көрме ашылды», – деді Жандар Асан.

Игілікті шараны Нийде Өмер Халисдемир университетінің Оқу ісі жөніндегі проректоры Иляс Гукхан ашып, Абай қазақтың ұлы ақыны ғана емес, сондай-ақ түбі бір түркі дүниесіне ортақ тұлға екендігін атап өтті. Сонымен қатар ол ойшылдың адамзаттың асыл мұрасына айналған шығармалары әлемнің 30-дан астам тілімен қатар түрік тіліне де аударылғанын айтты.

«Әкенің баласы емес, адамның баласы болуды мақсат тұтқан ақынның құнды қазынасы өскелең ұрпақпен бірге жасайтын мәңгілік мұраға айналуы тиіс. Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның Абай хақындағы мақаласы, ой-толғамы басты бағдаршам болуы тиіс деп ойлаймын. Ол жоспарланған шаралардың барлығы «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» екендігін атап өтті. Біз де өз тарапымыздан ақын мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге атсалысамыз. Бүгінгі шара соның бастауы іспеттес. Түркия жұртшылығы үшін де Абайдың өміршең поэзиясының орны бөлек. Оның әдеби туындыларының астарына үңіліп қарасаңыз үлкен мағына жатыр. Оның пәлсапалық өсиеттері мен шығармалары уақытпен үндес яки қанаттас», – деді Иляс Гукхан.

Тегтер: