Абай һәм «Арыстан»

Абай жыры, қара сөзі қай қазақтың болмасын жігерін жанып, талабын ұштайтыны, намысын қайрайтыны сөзсіз. Алатау бөктеріндегі «Арыстан» мамандандырылған лицейінде Ұлы Абай шығармашылығы жиі дәріптеледі. Жуырда ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған «Абайды оқы, таңырқа...» атты кеш өтті.
Алматы, NEGE. Кеште лицей оқушылары М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын негізге алып, жас Абайдан бастап кемелденген Абайға дейінгі кезеңдегі оқиғаларды сахналады. Кеш негізінен шығарма бойынша ақынның ең негізгі сәттерін бейнелейтін төрт қойылымнан тұрады. 11-сынып лицеисі Назарбек Елдар мен 10-сынып лицеисі Бағдатұлы Заңғар Құнанбай мен бала Абай арасындағы атақты әке сыны мен жауаптары айтылған диалогты әсерлі ойнады.
Абайдың жігіттік албырт шағын және досы Ерболды 11-сынып лицеистері Қабимолла Шерхан мен Рысбай Мадияр сомдады. Ал Абайдың шығармашылықпен айналысқан кемелденген шағын 10-сынып лицеисі Абдукахаров Нұртаза шеберлікпен ойнап, залда отырған көрермендерге Абай жанын, табиғатын жеткізе білді. Осы кеште 10-11-сынып лицеистері Азаматұлы Баймырза, Атбакиев Шахмұрат, Қабимолла Шерхан, Рысбай Мадияр шырқата салған Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» әні көрермен көңілінен шықты.
Аталған кешті ұйымдастырушы Гүлдария Әжіғұлқызы: «өскелең ұрпаққа тағылым ретінде Абайдың рухына тағзым ету, Абайдың рухани құндылықтарын көрсете отырып, ұлы ақынның мұрасын жастардың санасына сіңіру біздің, яғни, ұстаздардың басты мақсаты» дейді.
Ақынды ұлықтаған лицеистер «Көзімнің қарасы» әнін түгел орнынан тұрып, тебірене орындады. Кеш соңында Лицей басшысының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Владимир Анатольевич Райхель Ұлы Абайдың мерейтойымен құттықтай отыра, қойылымда өнер көрсеткен лицеистер өнерін жоғары бағалады.