Абаев: Донорлыққа келісім беремін
Соңғы бір-екі күндікте ағза ауыстыру, трансплантология, ағза мүшесін заңсыз сату деген әңгіме қызып тұр. Жалпы, бұл біздің қоғам үшін шетін мәселе болса да, аракідік айтылып жүр.
Алматы, NEGE. Жақында ғана адам ағзасын заңсыз саудалаған шымкенттік бас дәрігердің қылмыстық әрекеті көпке ой салған сияқты. Билік тізгінін ұстаған кейбір атқамінерлердің бюджет қаржысын жымқырғаны бір бөлек, «гиппократ антына адалмыз» дейтін ақ халаттылардың бәзбірі өздеріне қара күйені оңбай жағып жатқаны да бейжай қалдырмаса керек.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасында шымкенттік дәрігердің қамалуы туралы өз пікірін білдірді.
«Істің анық-қанығына жетпегендіктен, әзірге пікір білдіру қиын. Мұндай оқиға өкінішке қарай, аса қажет болып отырған донорлық пен трансплантология институтын қаралайды. Әрине, бұл салада әлемде де, елімізде де бірлі-жарым оқиғалар болады. Бірақ Қазақстанда мұндай заңсыз әрекет тамыр жайған деп айтуға болмайды, өйткені мұндай қылмыс өте сирек кездеседі», – деді министр.
Алайда, министр соңғы жылдары ағза алмастыруда еліміздің үлкен жетістікке жеткенін жасырмайды. Дәрігерлер де ең күрделі оталар жасап, шетелдік клиникаларда тәжірибе жинақтап жүргенін мақтанышпен айтты.
«Менің білуімше, Қазақстанда бір жылда осындай үш жүзге жуық ота жасалады. Мұның қандай қиын екенін, зергерлік жұмыспен тең екенін білесіздер. Егер өлімнен кейінгі ерікті донорлықты дамытсақ, көбірек адамның өмірін құтқарып қалар едік. АҚШ-та жүргізуші куәлігінде көптеген адамдардың қаза тапқан жағдайда донорлыққа келісім беретіні көрсетілген. Қазақстанда бұл әлі жолға қойылмаған», – деді ол.
Министрдің айтуынша, қазақстандықтар органдардың заңсыз нарықта сатылып кетуінен қорқады немесе діни себептерге байланысты келісім бермейді.
«Алайда, дінбасылармен сөйлескенімде, бірде-бір дәстүрлі діннің донорлыққа тыйым салмайтынын айтты. Бұл тұрғыда ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Мен бұл туралы ойланып жүрдім және жақын арада өлімнен кейінгі донорлыққа келісім беретінім туралы құжатқа қол қоямын», – деді Д. Абаев.
Сондай-ақ, министр Бала асырап алу жөніндегі агенттік құру туралы пікірін білдірді.
«Елімізде 5 мың жетім бала бар. Азаматтық қоғам балалардың өз отбасын табуына көмек бермекші. Агенттік қазірдің өзінде пилоттық жоба негізінде жұмыс істеуде», – деді ол.