АӘК алу үшін табысын жасырған қанша қазақстандық бар?
Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жайына тереңірек тоқталды.
Алматы, NEGE. Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев журналистің «АӘК алу үшін табысын жасырғандар да бар екенін айтып едіңіз...» деген сауалына: «Атаулы әлеуметтік көмек табысы орташа күнкөріс есебінен 70 пайызға төмен отбасыға беріледі. Өкінішке қарай, кейбіреулер екі қабатты коттеджі болса да, бірнеше жерде жұмыс істесе де, тіпті бірінің бизнесі болса да, табысын жасыруға тырысқан.
Біз құқық қорғау органдары және Қаржы министрлігімен бірлесіп табысын жасырған 74 мың қазақстандықты анықтадық. Жылдың басынан аяғына дейін барлық өңірді араладық. Соңғы кездесулерде халықтың өзі мұның масылдық екенін айтты. Кейбір дені сау адамдар үйде отырып 150-200 мың теңге алса, ал 300 мың теңге алатындар кірісін жасырып қалғысы келеді. Соған байланысты келесі жылы жаңа тетік енгіземіз. Мемлекеттің алдындағы басты міндет – адамдарға өз ісін ашуға көмек беру. Олар балаларын да еңбекке баулу керек. Ата-анасы жұмыс істемесе, баласы да соған үйренеді», – деді.