20 Сәуір 15:36
...

«Еңлік-Кебек» жаңа нұсқада жаңғырды

Фото:

Әуезов театры қазақ өнерінің жауһарына айналған танымал туындыны жаңаша сахналады. Қоюшы-режиссері – Әлімбек Оразбеков.

Сонау 1926 жылы әкемтеатрдың алғаш шымылдығын ашқан трагедия бұған дейін бірнеше рет қойылғаны белгілі. Десе де бұл жолғы жаңа шығарылым түпнұсқа мазмұнынан алшақтамаған, оқиғаның негізгі желісі Еңлік пен Кебектің адал махаббаты аясында өрбиді. Әлбетте, бұған дейін білетініміздей, арада туындаған от сезім екі жастың бақытына емес, қасіретке бастайды.

Бұл турасында пьесаның алғашқы авторы Мұхтар Әуезов: «Шыңғыстың бұрыңғы иесі матай болады. Сол матайды Кеңгірбай тұсында тобықты ру басылары алғаш ірге тепкен жерінен тайдырмақ болады. Бұның арты шабуылға ұласады. «Еңлік-Кебек» оқиғасы дәл осы алғашқы талас-тартыстың кезін көрсетуші еді»– деп жазған еді.

 

Жаңа нұсқадағы қойылымда кейіпкерлер шақтап алынған. Сондай-ақ екі актерлік құрамнан тұрады. Атап айтар болсақ, сәуегей қария абызды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Бекжан Тұрыс пен Бақтияр Қожа, Ақанның қызы Еңлікті – Захира Рахымжан мен Мақпал Қасенова, тобықтының атақты батыры Кебекті – Әділет Базарбайұлы мен Ғалым Амангелдіұлы, Найманның батыры Есенді – Нұрғиса Қуанышбайұлы мен Қасым Демеу, малшы Жапалды – Құрақ Алмат пен Бекет Райымбек сынды актерлер сомдайды.  Сонымен қатар туындыдан тобықтының қабырғалы биі Кеңгірбай, найманның елшілері Еспембет пен Жомарт, көмей би атанған Көбей, көбейден соңғы елдің басты адамы саналатын Кембай және дадан тобықтының биі Қараменде сынды кейіпкерлер қалыс қалмаған.

«Бұған дейін «Еңлік-Кебек» туынысы үш режиссердің сахналауымен үш нұсқада қойылған еді. Маған төртінші рет сахналау бұйырыпты. Өз қолтаңбамды қалтыру мақсатында өзгешелеп ұсынсам деген оймен кірістім»  – дейді Оразбеков.

Иә, білуімізше, Шәкәрім Құдайбердіұлы жазған түпнұсқа шығармада абыз – бірде сәуегей, бірде көріпкел, бірде ақылшы ретінде бейнеленеді. Осыған орай Оразбеков оны бақсы баба ретінде берген екен.

Екіншіден, бұған дейінгі қойылымдарда Кеңгірбай, Еспембет, Есен жағымсыз кейіпкерлер ретінде ұсынылса, бұл жолы әрқайсысы ел алдында  өз миссиясын атқарушы адамдар есебінде көрсетіледі. Бұл турасында режиссер «Ол кездегі Кеңгірбай Кебекті қанша қорғаштағанымен ел үшін басын құрбан  етуге еріксіз келісім береді. Сол сияқты Еспембетті де жағымсыз деп қарағанымызбен, ол да көптің мақсатын орындаушы жан» – деп кейіпкерлерін ақтап алады.

Осы ретте қойылым авторларының көрерменге өзге ой тастауды мақсат тұтқандарын аңғаруға болатындай.  

«Ол кезде жастар арасында теңдік болмады, сондықтан бұл тақырып өзекті болды. Ал қазір жастарға жар таңдауда еркіндік берілген, бірақ соны дұрыс жүзеге асыра алып жатқан жоқ. Еркіндіктің жөні осы екен деп қалаған ұлттан теңін тауып, қалаберді шетел асып кетіп жатыр. Ал біздің айтпағымыз,  қандай керемет махаббат иесі болсаң да дала заңын естен шығарма, ата дәстүріңді ұмытпа!» – дейді қойылым режиссері.

Тегтер: