USD
USD
USD

Екпе алатын адам нені білуі керек?

Сәуірдің екінші жартсында COVID-19 инфекциясына қарсы жаппай вакцина салу басталады. Әрбір екпе алушы білуі тиіс негізгі ережелер мен нормалар қандай?

Екпе алатын адам нені білуі керек?
Фото: NEGE.kz

Алматы, NEGE. 1. Вакцина салғызушы өз статусын анықтауы керек

«Ең алдымен сіз арнайы қауіп-қатер топтарына жатпайтын адам болсаңыз өзіңіздің уческелік дәрігеріңізге телефон арқылы хабарласасыз. Ол сіздің статусыңызды анықтайды. Егер сіз бірінші шептегі қауіп-қатер тобына жатпайтын қарапайым тұрғын болсаңыз, вакцинаның қосымша партиясы келгенге дейін сізді тізімге алады. Қазір емдік мекемелерде жергілікті халықтың санына қарай жоспар жасалып жатыр. Сол жоспар бойынша кезегіңіз келгенде сізді шақырады. Телефон арқылы немесе WhatsApp хабарлама арқылы байланысқа шығады. Вакцина алғысы келгендер қоңырау күтіп отырмай, дәрігерге өздері хабарласуға болады. «Осы күнге дейін ешкім хабарласқан жоқ. Статусымды білейін деп едім» деп мән-жайды түсіндіресіз».

2. Келісілген уақыттан кешікпеңіз

«Тізімдегі кезегіңіз келгенде мамандар хабарласып, екпенің күні мен уақытын айтады. Сіздің бұл кездегі ең басты міндетіңіз – келісілген уақыттан кешікпей бару. Себебі, осынша еңбекпен келген вакцинаны ысырап етуге болмайды. Кешікпеу неге маңызды? Өйткені вакцинаны ашқаннан кейін 2 сағаттың ішінде егіліп қоюы керек. Егер 2 сағаттан артық уақыт өтіп кетсе, ол вакцинаны біз автоматты түрде жоюға міндеттіміз. Яғни, құтысымен бірге арнайы дезинфекциялық препаратқа салынып, жойылады. Вакцинацияға келген азамттардың бәрі ауырмаған, дені сау болуы керек. Үйден шығарда денеңіз дел сал болып, басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздағанын байқасаңыз, созылмалы ауруларыңыздың өршу кезеңі осы сәтке сәйкес келіп қалса, дәрігерге жағдайыңызды айтып, келісілген уақытта бара алмайтыныңызды ескертуіңіз керек. Вакцинация ерікті екенін де ұмытпау керек. Егер қаламасаңыз, дәрігер хабарласқан кезде дайын емес екеніңізді айтып бас тарта аласыз».

3. Вакцина алушы қандай құжаттарға қол қояды?

«Вакцинация жасаудың алдында өз еркімен екпе салынып жатқаны туралы қолхат алынады. Яғни, екпе алушы бір құжатқа ғана қол қояды. Оның алдында дәрігер осы жұқпаның не үшін өте ауыр өтетінін, оның алдын алудың ең тиімді жолы вакцина салу екенін түсіндіріп айтады. Вакцина алғанда қандай қауіп-қатер бар, вакцина алмағанда қандай қауіп-қатер бар екені айтылады. Соның бәрі айтылғаннан кейін адам өз таңдауын айтып, қолхатқа қолын қояды. Содан кейін барып медициналық тексеруден өтеді».

4. Дәрігердің сұрақтарына ойланып, шынайы жауап беріңіз

«Әдейі қайталап айтып жатырмын, екпе алуға барған адамның сол сәтте денсаулығында кінәрат болмауы керек. Дәрігерлер екпе алушының міндетті түрде медициналық қараудан өткізеді. Нормативтік-құқықтық актілерімізде вакцина алуға келген адамдарға қойылатын арнайы сұрақтардың тізімі бар. Бұл сұрақтар міндетті түрде қойылады және олардың өз реті белгіленген. Осы сұрақтарға шынайы жауап беру керек. Аллергиясы бар адамдарға теориялық тұрғыда вакцина салуға болады. Сондықтан спецификалық сұрақтар қою арқылы әр адамға индивидуалды түрде вакцина қоюға болатынын немесе болмайтынын анықтаймыз. Созылмалы аурлары болған науқастарға да арнайы сұрақтар қойып, ол сырқатының өршу кезеңі бар-жоғын анықтаймыз. Әрине, дене қызуын, ықтималдығы жоғары ауру белгілерін, дененің бөртуін ескереміз. Мұрнын қарап, тамағындағы бадамша бездерінің күйін тексереміз. Көзіне қараймыз. Яғни көзге көрініп тұрған дене мүшелерінде қандай да бір өзгерістің бар-жоғы қаралады. Жүрек-қантамыр, өкпе тыныс жолдарының және т.б. жүйелер аурулары бойынша есепте тұрған адамдар өзінің жақсы күйде жүргенін айтып келсе, дәрігерлер жүрегі мен өкпесін тыңдайды. Осындай медициналық қарау арқылы вакцинацияға келгендердің ағзасында белгілі бір вакцинацияға кері көрсеткіштер анықталып жаста, оның бәрі медициналық құжаттарына жазылып көрсетіледі. Медициналық кері көрсеткіш уақытша немесе түбегейлі болуы мүмкін. Вакцинация уақытымен қатар келуінің әсерінен болатын әртүрлі асқынулардың алдын алып, одан сақтандырудың бірден-бір жолы осы».

5. Екпе бөлмесінде нені ескеру қажет?

«Бұдан кейін маман екпе алушының амбулаториялық кітапшасына вакцинация алушының осы дәрігерге келген мезеттегі жағдайын түбегейлі сипаттап жазып, осы мезетте қажетті вакцинаның атын көрсетіп, осы вакцина алуға қарсы көрсеткіштері жоқ екендігін негізге ала отырып – рұқсат ететіндігі туралы жазба қалдырады. Содан кейін ғана барлық қағазын ұстатып, егу бөлмесіне жібереді. Мұнда екпе салушы мамандар – медбикелер амбулаториялық картаға медициналық тексеру жасаған дәрігердің не деп жазғанын мұқият түрде оқиды. Ол жерде азаматтың қай күні, қай сағатта келгені, дене темпертурасы мен медициналық қарауда анықталған статусын растайтын мәліметтері жазылады. Амбулаторлық картадағы келген азаматқа көрсетілген уақыт пен датасы және «Вакцина жасауға рұқсат етіледі» деген жазылуы керек. Егуші медбике осы картаға қарауы керек».

6. Медициналық тексеру қорытындысы бір күнге ғана жарамды

«Бірақ егу бөлмесіне бара жатқан жолда жұмысыңызға шұғыл шақырып қалып, кіре алмай кетуіңіз мүмкін. Келесі келгенде қайтадан дәрігердің қарауынан өтесіз. Ол міндетті. Сол үшін медициналық бақылаудан өткен уақыт амбулаторялық картада нақты жазылады. Егу бөлмесіндегі медбике амбулаториялық картадағы уақыттың ескіргенін көрсе, статусыңызды нақтылауға қайта дәрігерге жібереді. Өйткені кешегі болған денсаулық жағдайыңыз бен бүгінгі денсаулық жағдайыңыз сәйкеспеуі әбден мүмкін. Кеше дәрігерге қаралғанда сау боғаныңызбен, бір күннің ішінде көшеде вирус жұқтырған адаммен кездейсоқ контактіге түсуіңіз мүмкін. Сондықтан ертеңінде дәрігерге бармастан бірден егу бөлмесіне келсеңіз, өзіңізге де, басқаларға да қауіп төндіресіз деген сөз. Біздің медбикелер ол жағын жақсы біледі. Ондайға жол берілмеуі керек. Оның бәрін кішкентай балаларға вакцина салған кезде мұқият түсіндіріп айтамыз. Ол тәртіпті егуге жауапты мамандар жатқа біледі және ересек азаматтарды егу барысында да сол тактика іске асырылады».

7. «Спутник V» иық бұлшық етіне салынады

«Спутник V» вакцинасы иықтың дельта тәріздес бұлшық етіне егіледі. Ол 2 этапта салынады. Бірінші және екінші этаптың арасында 21 күн өтуі керек. Ал белгілі бір жағдаймен 21 күннен асырып алсаңыз, 60 күнге дейін уақытыңыз бар. Яғни, екі этаптың арасында 60 күнге дейін аралыққа жол беріледі. Соңғы зерттеу жұмыстарының қорытындысы бірінші жасаған вакцинадан кейін ағзада пайда болған антиденелердің иммундық қабілеті 60 күн бойы жоғары деңгейде сақталатынын көрсетті». Әлі де болса, ғылыми жұмыстардың жалғасуына байланысты, екі вакцинаның аралығы 60 күннен асса, қайтадан бірінші этаптан бастау керектігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген жоқ».

 

Қазір оқып жатыр

8 мамырда қос Палатаның бірлескен отырысы өтеді

Парламент

Алматыда «Пионердің» тағдыры не болмақ?

.

Ер адам екінші әйелін өлтіру үшін 10 мың долларға киллер жалдаған

Өзбекстан азаматы

Қазақстанда автосақтандыру бағасы өсуі мүмкін

Автосақтандыру