10 Желтоқсан 19:22

«СОНАР-2019» (фоторепортаж)

Фото:

Бүркіт салып, саятшылық құру – тым ертеден қалыптасқан дәстүр, дәстүрлі өнер, ұлттық мәдениет. Тарихта Шыңғыс ханның 3 мың бүркіті, 2 мың қаршыға, 12 мың сұңқар, Жошының  3 мың, Абылайдың 500 бүркіт, 300 қаршыға мен сұңқар ұстағаны туралы дерек бар. Сол өткеннен қалған дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Жуырда Алматы облысындағы Хантәңірі етегінде «СОНАР-2019» халықаралық турнирі өтті.

Алматы, NEGE. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, «Қыран Федерациясы», «Қансонар» аңшылық бірлестіктер  және аңшылық шаруашылық субьектілері республикалық Қауымдастығы бекіткен Регламентке сәйкес түздің ойыны қызықты өтті.

Республиканың Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан,  Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары, Алматы, Астана қаласынан бас қосқан 60-қа жуық білікті құсбегілер қатарында көршілес Қырғыз елінен он шақты құсбегі,  Қытай, Монғолиядан келген қандастарымыз қосылып бәсеке қыза түсті.

Жарыс екі кезеңге бөлінді.

Бірінші күні құстың сыны, құсбегінің киім үлгісі, еркін аңға салу сайысы өтті.

Бірі-бірінен мықты мамандар жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Алғашқы кезеңнен сүрінбей өткен  бүркіттер – екінші күні жартылай финалдық кезеңде қоянға, ал, ителгі, қаршығалар қолға шақыру, далбайға шақыру, кептер, қырғауылға түсіп, сыналды.

Финалдық додада бүркіттер түлкіге салынса, қаршыға мен ителгілер қоянға түсті.

Сонымен қатар, тазылар жарысы да өткізілді.

Қазылар алқасы баллдық жүйе бойынша құс бабын бағалады.

Алматы қаласының атынан сынға түскен Ғабит Таңат бүркітшілер сайысында бас жүлдеге ие болып, 500 мың теңгені қанжығасына байлады.

Сейітжан Алмас, Байетбай Өмірхан, Сәрсебек Жанболат, Қошқаров Арман сәйкесінше бірінші, екінші, үшінші орынға жайғасты. 

Ителгілер сайысында Алматы облысының тумасы Шалипов Медеттің құсы ешбір құсқа дес бермей, топтан үздік шықты. 

Қошқаров Арман баптаған ителгі екінші, Абулов Русланның құсы үшінші орын алды.

Қаршығалар жарысы да тартысқа толы болды. Сейтжан Бексұлтан бас жүлдені еншілесе, Байетбай Сағыныш пен Қуанышбаев Бекнияз да жүлделі қайтты. 

Сондай-ақ, 4 жастағы ең жас қатысушы Айдар Бекмұхан да арнайы марапатқа ие болды.

Үш күнге созылған тартысты бәсекеде NEGE.KZ фототілшісі Сәрсенбек Қызайбек түсірген қызықты сурет топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

NEGE.KZ

 

Тегтер: