8 наурызға арналған сыйлықты бірге таңдаймыз

Алдымызда 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні жақындап келеді. Нәзік жандылар бұл күнді барынша мерекелік көңіл-күйде қарсы алғанды қалайды. Осы тұста, тосын сый жасау үшін ерлер қауымы «қандай сыйлық аламын?» деген сұраққа жауап іздейді. Қайда бару керек, қайдан алу керек? Бұл сұрақтар ай басталысымен ойлануды қажет етеді. Ендеше біз ұсынған сыйлықтар тізіміне назар аударыңыз.
Сыйлықтардың ішіндегі ең әдемісі, кез келген адамға тарту етуге болатыны – гүл шоғы. Бұл қашан да сәннен шықпайды.
Сонымен гүлдерді қалай таңдаймыз?
• Қызметтес әріптестеріңізге сіздің риясыз достық көңіліңізді айғақтайтын қызғылт, ақ түстегі гүлдерді сыйлауға болады.
• Анаңыздың қандай түсті ұнататынын ескере отырып, үлкен гүл шоғын тарту етіңіз.
• Аруларға жігіттер голланд раушан гүлдерін сыйласа, ерекше әсерге бөлейді. Қызыл, қызғылт түстерді қыздардың көбі махаббаттың, сүйіспеншілікті белгісі деп ұғады.
Гүлдің тез солып қалатынын ескерсек, бөлме гүлдерін де таңдауға болады. Мысалы, ең әйгілісі «әйел бақыты» кез келген нәзік жандыларға ұнайтыны анық.
Иіссу да бағалы сыйлық болып табылады. Бірақ, талғамына сай әтірді табу оңай болмасы анық. Ең бастысы, сатып аларда арзанқол, көшірмелерден сақ болыңыз. Себебі, көшірме иіссулардың сапасы да нашар, денсаулыққа да зиян.
Кез-келген нәзік жандылардың жаны косметикалық заттарға құштар болып келеді. Сондықтан, аты жазылған арнайы жинақ жәшігін сыйласаңыз еш өкінбейсіз. Мұндай ерекше сыйлықтардың орташа бағасы 7000 теңгеден жоғары болып келеді.
Қазіргі таңда қолөнерде ерекше бағаланады. Сол себепті, қолдан жасалған әшекей бұйымдарды да нәзік жандыларға сыйласаңыз еш қателеспейсіз.
Сұранысқа ие әрі ерекше сыйлық - есімдері жазылған жеке заттар. Олар: жуынғанда киетін халаттар, жейделер, сөмкелер, алқалар т.б. Мұндай заттардың, әрине, бағасы арзан болмасы анық. Алайда, жақындарыңызға шынайы қуаныш сыйлайтыны анық.
Егер, сүйіктіңіз, әпкеңіз немесе қарындасыңыз кітап оқығанды жақсы көретін болса, кітап дүкеніне барыңыз. Ал, қандай жанрдағы кітаптарды ұнататынын білмесеңіз ойланбастан әлеуметтік желілерді дамыту немесе әйел мен ердің психологиясы туралы кітаптарды таңдауға кеңес береміз. Сөзсіз, бұл талғамыңызды сыйлық иесі жоғары бағалайтыны анық.
Тағы бір ерекше сыйлық - фотомозаика. Мұндай фотопортрет кез-келген нәзік жандылардың жүрегінен орын алары анық.
Ал, арулардың талғамын білмесеңіз, арнайы сертификаттарды таңдаңыз. Сұлулық салонына, массажға немесе өзге де сұлулық орындарына, әртүрлі киім немесе опа-далап сатып алуға арналған сертификаттарды сыйлаңыз.
Ең бастысы бағасына емес, сыйлық иесінің талғамына мән беріңіз. Шын көңілмен жасалған тосын сый, кез келген аруға мерекелік көңіл-күй сыйлары сөзсіз.