Референдум Референдум
5 Наурыз 16:55
...

8 наурыз қарсаңында гүл мен сыйлыққа тапсырыс бергенде нені ескеру керек?

Гүл мен ноутбук
Фото: freepik.com

Бас прокуратура Халықаралық әйелдер күні қарсаңында маңызды ескерту жасады.

Референдум

Астана, NEGE. Қадағалаушы орган өкілдерінің мәлімдеуінше, мереке кезеңінде алаяқтар тұрғындарға түрлі сылтаулармен қоңырау шалып, хабарламалар жіберуі мүмкін.

Ең көп таралған тәсілдер:

  • гүл немесе сыйлық жеткізу рәсімделгені туралы хабарлап, «тапсырысты растау үшін» SMS-код сұрау;
  • жалған ұтыс, бонус немесе акция туралы хабарлап, телефонға келген растау кодын айтуды талап ету;
  • өздерін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің өкілі немесе курьерлік компания қызметкері ретінде таныстыру.

Прокурорлар бір реттік SMS-код қаржылық операцияларды растауға арналған құпия құрал екенін еске салады. Мұндай кодты үшінші тұлғаларға хабарлаған жағдайда, несие рәсімделуіне  немесе алаяқтардың банк қосымшасына қол жеткізуіне әкеп соғуы мүмкін. 

«Банктердің қызметкерлері де, құқық қорғау органдары да телефон арқылы SMS-кодтарды, құпия сөздерді және банк картасының деректерін ешқашан сұрамайды», – дейді прокуратура өкілдері.

Кейбір жағдайларда тауарларды немесе банк өнімдерін ресми жеткізу кезінде растау коды шын мәнінде қолданылады. Алайда ол тек алдын ала рәсімдеген тапсырыс бойынша, жеткізуді күтіп отырған жағдайда және тауарды алғаныңызды растау үшін пайдаланылады. Егер жеткізу туралы қоңырау немесе хабарлама күтпеген жерден келіп, сізден кодты айту сұралса, әңгімені дереу тоқтату қажет.

«Сонымен қатар мереке қарсаңында алаяқтар әлеуметтік желілерде, оның ішінде Instagram және TikTok платформаларында жалған парақшалар ашып, гүлдер мен басқа да тауарларды айтарлықтай төмен бағамен, ірі жеңілдіктермен және акциялармен ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Ақша алғаннан кейін мұндай парақшалар қызметін тоқтатып, сатушымен байланыс мүмкін болмай қалады», – дейді прокурорлар.

Мамандар гүлдер мен сыйлықтарды тек сенімді сатушылардан тапсырыс беруге, төлем жасаған кезде алушының деректемелерін мұқият тексеруге, күмәнді сілтемелерге кірмеуге және қандай жағдай болмасын бөгде адамдарға SMS-кодтар мен банк деректерін ұсынбауға кеңес береді. 

Референдум