Әйел құқығы мен гендерлік теңдік күні: 8 наурыз басқа елде қалай тойланады?

8 наурыз – халықаралық мереке. Кейбіреулер үшін бұл күн белсенділік пен күрес күні, енді біреулер үшін – әйелдердің жетістіктерін мойындау мен қуаныш күнi. Осыған орай, NEGE тілшісі басқа елдерде Әйелдердің халықаралық күні қалай тойланатынын және осы күннің маңызын сұрап, түрлі ұлт азаматтарын әңгімеге тартты.
Иран: Ресми мереке болып саналмайды
– Иранда Әйелдердің халықаралық күні ресми мереке болып саналмайды, бірақ әйелдерге арналған мереке бар – ол Фатима Захра, Мұхаммед пайғамбардың қызының туған күні, бұл мереке Джумада аль-Тани айының 20-сы күні атап өтіледі.
Иран жастары қазіргі кезде әйелдерге арналған барлық мерекелерді тойлайды. Бұл күні адамдар жиналып, гүл мен сыйлық береді. Үйде «тачин» деп аталатын ұлттық тағам дайындалады, өйткені бұл – сыйластық пен махаббаттың белгісі», – дейді Хадисех Бахрами.
Үндістан: Қызғылт, ақ, күлгін түсті мереке
– Үндістанда 8 наурызды түрлі форматта атап өтеді. Бұл күні жұмыс орындарында, мемлекеттік мекемелерде арнайы іс-шаралар мен семинарлар ұйымдастырылады, онда әйелдердің жетістіктері айтылады.

Мектептер мен колледждерде эссе байқаулар өткізіледі, плакаттар жасаалып, мадақ айтылады. Әйелдерге түрлі сыйлықтар, қызғалдақтар мен күлгін түсті гүлдер сыйлайды. Кейбір жерлерде арнайы киім үлгісі таңдалып, қызғылт, ақ немесе күлгін түсті киімдер киеді», – дейді Ашутуш Мехра.
АҚШ: Әйелдер айы
– Америка Құрама Штаттарында 8 наурыз ресми мереке емес, бірақ наурыз айы – әйелдерге құрмет көрсетілетін ай. Бұл айда әйелдерге арналған түрлі іс-шаралар мен лекциялар ұйымдастырылады, сондай-ақ әйел құқығы мен гендерлік теңдік мәселесіне баса назар аударылады, – дейді Брэндт Саттон.
Франция: Саяси мәні бар күн
– Франция мәдениетінде 8 наурызды атап өтпеу әдетке айналған. Көпшілік бұл күні әйелдер мерекесі екенін білмейді. Білетіндердің өзі бұл күнді әйелдер мен еркектер арасындағы теңсіздік пен күрес күні деп санайды. Соңғы жылдары 8 наурызда Париж сияқты үлкен қалалардың көшелерінде түрлі феминистік манифестациялар жиі ұйымдастырылып жүр. Сондықтан да болар көпшілік бұл күнге сыни көзқараспен қарайды , – дейді Александра Колев.
Ауғанстан: Тәліптер тыйым салған мереке
– Ауғанстанда әйелдер күнін Талибан билігі кезінде атап өту мүмкін емес, өйткені олар бұл мерекені исламға қайшы деп санайды. Бұған дейінгі үкімет тұсында әйелдердің құқығын қорғаушы ұйымдар түрлі поэтикалық кештер мен музыкалық концерттер ұйымдастыратын еді, қазір ол да жоқ, – дейді Филип Эйси.

Канада: Әйелдерге құрмет күні
– Канадада Әйелдердің халықаралық күні айтулы мереке емес, бірақ бұл күні әйелдердің құқын қорғайтын ұйымдар көптеген іс-шаралар өткізеді. Бұл күнді әлеуметтік белсенділік, әйелдерге құрмет көрсету және гендерлік теңдік мәселелерін талқылау күні ретінде қарастыруға болады, – дейді Филип Эйси.
Оңтүстік Корея: Маңызды күн емес
– Оңтүстік Кореяда 8 наурыз ұлттық мереке емес. Оларда тек 14 ақпан – Әулие Валентин күнін және Ақ күн деп аталатын мерекені атап өтеді. Бұл күндері жігіттер қыздарға түрлі сыйлықтар береді. Әйелдердің құқығы жайлы мәселе күн тәртібінде тұрады, бірақ мемлекеттік деңгейдегі маңызды күн болып саналмайды, – дейді Ро Эстер.
Армения: Ұлттық дәстүрмен астасып жатыр
– Арменияда 8 наурыз – тек мереке ғана емес, сонымен қатар ұлттық және мәдени дәстүрлерді біріктіретін күн. Бұл күні көптеген отбасы жиналып, армян ұлттық тағамдарын пісіреді, «толма» мен «гата» дайындайды. Әйелдерге гүл сыйлап, түрлі сыйлықтар ұсынады. Әлеуметтік желілерде әйелдердің құқықтары мен жетістіктері туралы пікірталастар жүреді, – дейді Людвиг Давтян.

Қытай: «Махаббат асқабағы»
– Қытайда 8 наурыз күні үлкен мерекелер мен қоғамдық шаралар ұйымдастырылады. Ер адамдар қыз-келіншектерге «Махаббат асқабағы» деп аталатын ерекше сыйлықтар береді, ал кафе мен дүкендер әйелдерге арналған арнайы жеңілдіктер ұсынады, – дейді Хази Чэнг.
Египет: Гендерлік теңдік мәселесі
– Египетте 8 наурыз кең көлемде аталып өтпейді, бірақ бұл күні әйелдердің жетістігін атап өтіп, гендерлік теңдік мәселесін талқылайды. Әртүрлі ұйымдар, мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғам топтары әйелдерге арналған іс-шаралар ұйымдастырады, – дейді Моамен Дахшан.
Аргентина: Күрес және еске алу күні
– Аргентинада 8 наурыз – еске алу мен күрес күні. Әйелдер бұл күні көшелерге шығып, өз құқықтарын қорғап, қаза тапқандарды еске алады. Бұл күні тек құттықтаулардан бөлек, әйелдерге деген құрмет пен құқығы жайлы мәселе талқыланады. Егер сіз «Әйелдер күнімен құттықтаймын» десеңіз, әйелдерді өкпелетіп алуыңыз мүмкін, – дейді Хосе Игнасио Мойяно.

Эфиопия: Отбасы күні
– Эфиопияда 8 наурыз күні көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Мектептер мен кеңселерде әйелдердің қоғамға қосқан үлесі айтылады. Эфиопиялық әйелдер дәстүрлі тағамы «Доро Вет» дайындап, отбасымен бірге атап өтеді, – дейді Нурхуссейн Али.
Филиппиндер: Наурыз – әйелдер айы
– Филиппинде әйелдерді құрметтеу бір күнмен шектелмейді. Наурыз – әйелдерге арналған ай, бұл айда түрлі бағдарламалар, симпозиумдар мен әйелдер құқығын қорғау бойынша іс-шаралар ұйымдастырылады, – дейді Марк Бон Басадре.

Жапония: 3 наурыз күні тойлайды
– Жапонияда 8 наурызды ресми түрде атап өтпейді. Себебі бұл күнді көпшілік білмейді. Бірақ бізде 3 наурызда қыздардың дәстүрлі күні – «Хинамацури» өтеді, бұл күні дәстүрлі тағамдар әзірленіп, әр үй қуыршақтармен, гүлмен безендіріледі. Сондай-ақ қыздардың денсаулығына көңіл бөліп, өсіп-өнсін деп дұға жасаймыз, – дейді Нагиса Охато.
Әйелдердің халықаралық күні 1975 жылы БҰҰ шешімімен ресми түрде мойындалды, содан бері бұл күн әйел құқығы мен бейбітшілік үшін күрестің символына айналды. Ал Қазақстанда 8 наурыз ресми мереке ретінде Кеңес одағы кезінде қабылданған. Тәуелсіздік алғаннан кейін де ресми мереке ретінде сақталып қалды.