25 Қыркүйек 12:10

7-20-25: Биыл не өзгерді?

Фото:

Қазақстандағы ең танымал ипотека қалай дамып келеді? Биыл енгізілген өзгерістер халыққа ұнады ма? 18 мыңнан астам отбасы осы ипотеканы не үшін алды?

Елдегі мемлекеттік бағдарламалар жыл сайын уақыт талабына сай жаңарып, оларға өзгерулер мен толықтырулар енгізіліп тұрады. Былайша айтқанда, олар жаңарып отырады. Ипотека нарығының маманы ретінде, осы саладағы жаңалықтарға, дәлірек айтсақ, 7-20-25 ипотекалық бағдарламасына тоқталғым келіп отыр деп жазады, ИпотекаБлог авторы.

 

7-20-25 бағдарламасының шартында қандай жаңашылдық бар?

Өзіміз көріп отырғандықтай, бағдарламаның шарты атында тұр. 7 – бұл ипотекалық кредит бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме. Ол түпкілікті болып табылады және өзгермейді. Қарыз алушы азамат комиссияның барлық түрінен босатылған. 20 дегеніміз — бастапқы жарна. Бұл жерде қандай өзгеріс болды? Егер бағдарлама жұмыс істей бастаған 2018 жылы алғашқы жарна үй бағасының 20 процентін құрайды деп қатаң бекітілсе, енді соңғы жылдары 20% немесе одан да көбірек жарна құюға болады. Бұл азаматтар алдында туындап жүрген көптеген ыңғайсыздықтарды жойды. Ал 25 —  ипотекалық кредиттің жылдармен көрсетілген ең ұзақ мерзімі. Алайда, қарыз алушы ипотеканы өзіне ыңғайлы кез-келген мерзімге ала алады.

Үйдің шекті құнында жағымды өзгерістер бар. Қарағанды қаласы бойынша сатып алуға болатын үйдің шекті бағасы 15 миллион теңгеден 20 миллион теңгеге дейін өсті. Қарағандылықтар үшін бұл көптен күткен жаңалық еді. Себебі, Қарағанды қаласында көптеген үйлер 15 миллион теңгеден артық бағаға сатылып жатты да, бағдарламаға ілінбей қалды. Нәтижесінде, Нұр-Сұлтан, Алматы (қала маңындағы аймақтармен бірге), Ақтау, Атырау мен Шымкент қалаларында баспана бағасы 25 миллион теңгеден, Қарағанды қаласында 20 миллион теңгеден, ал басқа өңірлерде 15 миллион теңгеден аспауы керек.

 

7-20-25 бағдарламасына кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға Қазақстанның барлық азаматтары қатыса алады. Бастысы азаматтың атында үй болмауы және басқа ипотекасы болмауы тиіс. Сонымен бірге табыс ресми расталуы қажет. Егер сіз айлық алатын болсаңыз, онда ол бойынша зейнатақы қорына салымдар түсіп тұруы керек. Ал жеке кәсіпкер болсаңыз, онда банк сізден жылдық салық декларациясын талап етеді.

 

Баспана алу үшін жасалатын қадамдар

Автордың кеңесі бойынша, ең басында автомат скорингі бар банкке барып, өзіңіздің төлемқабілеттілігіңізді алдын-ала есептеп алыңыз. Сонда сіз өзіңізге банктің қанша сома бере алатынын білесіз. Одан кейін осы бағаға лайық үй іздесеңіз болады. Үй тапқаннан кейін банкке барып, менеджерден кеңес алып, ипотекалық несиені рәсімдеуге кірісесіз. Қазіргі таңда "7-20-25" бағдарламасы бойынша ипотекалық кредитті ЦентрКредит Банкі, АТФБанк, Jýsan bank, Bank RBK, Еуразиялық Банк, Халық Банкі, ForteBank пен Сбербанк береді.

Сонымен қатар дәл осы банктер қолданыста болған үйлерді қамтитын «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша да жұмыс істейді.

Тегтер: