7-20-25: Бәрі тез болғаны соншалық, әлі күнге дейін сене алар емеспін!
Бас қаланың тұрғыны «7-20-25» цифрлық ипотекасын ресімдеу тәжірибесімен бөлісті.
Данияр Қожамұратовтың Нұр-Сұлтан қаласында өзіне ыңғайлы аудандардың бірінде орналасқан жаңа әрі жайлы пәтердің иесі атанғалы тура бір апта болды. Бұл – ипотекалық несие арқылы баспаналы болған екінші тәжірибесі.
– Біз бұған дейін ипотека алған кезде аз жүгірген жоқпыз. Мен де, жұбайым да екі апта бойы банкке түрлі анықтамалар, құжаттар тасумен болдық, – деп еске алған ол осы жолы да қарбалас болады деп ойлағанын жасырмады.
Ал бұл жолы Даниярға құрылыс компаниясының кеңсесінде «7-20-25» бағдарламасы мен цифрлық ипотеканы ықпалдастырған бағдарламаның жаңа қатысушысы арқылы несие ресімдеу ұсынылды.
– Freedom Finance Bank сайты түсінікті етіп жасалған. Соған қарамастан, несие бөлімінің басшысы менімен телефон арқылы үнемі байланыста болды. Өтініш пен барлық құжатты онлайн түрде жолдадым. Арада бір-екі сағат өткен соң құрылыс компаниясы кеңсесінің сату бөлімінде отырған нотариусқа ипотеканы ресімдеу үшін шақырды. Шыны керек, мен мұндайды мүлде күткен жоқпын. Дәл сол кезде жұбайым басқа қалаға қонаққа жол жүріп кеткен еді. Сондықтан оның келісімін алып та үлгермедім. Қазір оған нотариус іздеп, құжаттарды рәсімдеп, Нұр-Сұлтан қаласына ұшақпен жіберудің жолын табу керек болар деп ойладым.
Басымдағы жағдай туралы банк қызметкеріне айттым. Ол жұбайымның қай қалада екенін сұрап, бірнеше минуттан соң қайта хабарласты. «Жұбайыңыз осындай мекенжайда қызмет көрсететін нотариусқа келе ала ма?» деп анықтады. Сөйтіп, мен бірнеше сағаттан соң Нұр-Сұлтан қаласындағы нотариусқа барғанымда жұбайымның «Е-нотариат» базасында ЭЦҚ арқылы қол қойған келісімі дайын тұрды. Мен де тиісті құжаттарға қол қойдым. Сонымен барлығы тез бітті. Құрылыс компаниясының өкілі жаңа қоныс иелеріне арналған сыйлықты табыстап, баспаналы болуыммен құттықтады, – деп тәжірибесімен бөлісті Данияр Қожамұратов.
Бірақ ол пәтерді осыншалық оңай алуға болатынына сенген жоқ. e-gov порталындағы жеке кабинетіне кіріп, сатып алған жылжымайтын мүлік шынымен оның атында тіркелгенін көрген кезде ғана бұған көзі жетті.
– «Төлемдерде бір астыртын әрекет жатқан болар. Себебі бәрі еш қиындықсыз ресімделуі, ипотеканың оңай берілуі мүмкін емес» деп ойладым. Төлемдер кестесін ашып қарасам, бәрі дұрыс. «7-20-25» бағдарламасының талаптары толық сақталған. Яғни, маған клиент ретінде өте ыңғайлы әрі жеңіл жасалды. Бастысы, электрондық-цифрлық қолтаңба болса болғаны, – деп қуанышын жасыра алмады қоныс иесі.
Еске сала кетейік, осы жылдың ақпан айында Freedom Finance Bank «7-20-25» бағдарламасына қосылды. Осылайша, ипотекалық тұрғын үй бағдарламасын іске асыратын Банк ЦентрКредит, Сбербанк, Халық банкі, Еуразия банкі, RBK bank, ForteBank, Altyn Bank қатарларын толықтырды.