70 күн қалды. Сбербанктің құлауы НЕГЕ қаржы нарығындағы ойын ережесін өзгертпек?
АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Сбербанкке беріп отырған мерзімі алдағы 12 шілдеде аяқталмақ. Одан кейін Қазақстандағы Сбербанк не істейді? Басты сұрақ осында.
Өткен аптаның аяғында Сбербанк Қазақстанның 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген есебі шықты. Жай уақытта бұл өте керемет нәтиже болып саналар еді. Себебі, былтырғы жылдың қортындысы бойынша Сбербанк 130 миллиард теңге таза пайда тапты. Активтерінің көлемі бойынша Қазақстандағы ең үздік үштікке еніп тұрды. 2022 жылдың басында Сбербанк активтері 4,19 триллион теңгеге бағаланған еді. Бұл – Халық банк пен Kaspiден кейінгі үшінші көрсеткіш.
"Сбербанк Қазақстан" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген есебі. Аудитор: Ernst&Young
Сбербанк мәселесіне ҚНРДА араласып, банктің қаржылық жағдайы тұрақты деп хабарлаған еді. ҚНРДА-ға ажиотаждың керек емес екені түсінікті. «Банктің міндеттемелерін өтеу үшін өтімділіктің жеткілікті көлемін жинақтайтын шамамен 1,6 трлн теңге сомадағы жоғары сапалы несие портфелі бар», – деп жазады ҚНРДА. Қадағалаушының мәліметінше, қазіргі таңда, Сбербанкте 400 миллиард теңге мөлшерінде капиталдың жеткілікті қоры бар.
Сбербанкте бәрі жақсы ма? Әрине, олай емес. 2022 жылдың басында Сбербанк корпоративті клиенттердің 1,6 триллион, ал жеке тұлғалардың 1 триллион теңгесін өзінде жинақтап отырған болатын. Аудиттелген есептілікте банктің Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқан уақыттан бастап осы қаржының 38 пайызын жоғалтқаны айтылады. Бұл шамамен 1 триллион теңге. Клиенттердің Сбербанктен кетуі әлі де жалғасып жатыр.
"Сбербанк Қазақстан" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген есебі. Аудитор: Ernst&Young
Сбербанк енді не істейді? Оның болашақ стартегиясы ашық жарияланбады. Қазір Сбербанк өз портфелін басқа банктерге ұсына бастағанын көріп отырмыз. Халық банкі Сбербанк балансынан таңдап отырып, ең сапалы деген 330 миллиард теңгенің портфелін сатып алды. Ол портфель – төлемін бір күнге де кешікпеген, сапалы заңды және жеке тұлғалардың несиесінен құралып отыр. Есесіне, бұл Сбербанктің қазіргі кредиттік портфелінде проблемалық қарыздар үлесінің күрт артуына әкеліп соқты және банктің тәуекелін одан сайын арттырды.
-
Тақырыпқа орай: Путин экономикасы. Ресей НЕГЕ КСРО бола алмайды?
Бір нәрсе анық. Не болса да, мемлекет Сбербанкті құтқармайды. Ұлттық банктің қазіргі позициясы бойынша – өз банкін құтқару акционердің жеке шаруасы болуы тиіс. Допты Ресейдегі Сбербанктің айып алаңына қарай теуіп жіберді...
Құтқарғысы келмесе, ҚНРДА лицензиясынан айырады, ал мемлекет Сбербанкте ақша ұстаған азаматтарға Депозиттерді кепілдендіру қоры арқылы 20 миллион теңгеге дейін өтемақы төлейді. Сбербанктің Қазақстандағы әдемі ертегісі осылай аяқталуы мүмкін.