70-жылдары ұшырылған кеңестік «Космос-482» ғарыш кемесі Жерге құлауы мүмкін

1970-жылдары Венераға ұшырылған кеңестік «Космос-482» ғарыш станциясы мамыр айында Жерге құлауы мүмкін.
Алматы, NEGE. Бұл туралы Дельфт техникалық университетінің (Нидерланды) жерсеріктерді бақылайтын маманы Марко Лангбрук хабарлады.
«Космос-482» автоматты ғаламшараралық станциясы 1972 жылы зерттеу мақсатында Венераға ұшырылған. Алайда ол ғарыш кемесі белгіленген нысанаға жетпей, тез істен шығып, Жердің орбитасында қалып қойған. Бұл аппарат «Венера-8»-ден кейін жасалған болатын. «Венера-8» Венераға сәтті қонып, планетадан 50 минут бойы деректер жіберген еді.
«Шамамен 8-11 мамыр аралығында бақылаусыз түрде Жерге қонуы мүмкін», – деп жазды Лангбрук.
Оның пікірінше, егер «Космос-482» Жер атмосферасына сағатына 242 шақырым жылдамдықпен еніп бүтін қалса, онда ол «қатты қонуы» мүмкін. Аппаратта Венераға қонуға арналған парашют бар, бірақ ғалым оның жұмыс істейтініне күмәнданады.
Аппараттың салмағы шамамен 500 келі. Зерттеушілердің айтуынша, ол суға – мұхитқа құлауы ықтимал, бірақ нақты қайда түсетіні туралы пікірлер әртүрлі. Аппарат құлауы мүмкін орындар қатарына Лондон, сондай-ақ Еуропаның бір бөлігі, Аустралия және Оңтүстік Африка Республикасы кіріп отыр.