15 Маусым 09:49

660 шенеуніктің жемқорлыққа қатысы бар болып шықты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады.

 Алматы, NEGE. Агенттік басшысы жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Жыл басынан бері елімізде 947 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, 660 адам әшкереленген. Оның 104-і – әртүрлі деңгейдегі басшылар.

Тергеу амалдары аяқталған қылмыстық істер аясында 193,5 миллиард теңге өтелген. Жалпы, 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,03 триллион теңге көлемінде мүліктік активтер мен қаржы қайтарылған.

Биыл білім, ғылым, спорт, дәрі-дәрмек сатып алу, құрылыс, жер телімдерін бөлу салаларына жүргізілген талдау және мониторинг жұмыстарының қорытындысы бойынша 113 есеп әзірленген.

Мемлекеттік органдарға жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған мыңнан астам ұсыныс берілген. Алдын алу шаралары аясында, соның ішінде «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталына мониторинг жүргізу арқылы 31 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеген.

Жыл басынан бері Қатар, Гонконг, Әзербайжан және Ресей Федерациясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарымен ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылғаны жайында мәлімет берді.