55 млн теңгеге Бекшиннің қатысы бар ма?

Бүгін онлайн баспасөз мәслихатында Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин аудиторлық тексеру барысында департаментте «55 миллион теңгеге қатысты заң бұзушылықтар анықталды» деген ақпаратты жоққа шығарды.
Осы тұрғыда сауал қойған тілшінің сұрағына бас санитар дәрігер: «Ақпарат шындыққа жанаспайды. Комиссия департаментті тексеріп, барлық есеп-қисапты сараптау кезінде ешқандай ақша ұрлығы болған жоқ деген қорытындыға келді» деп мәлімдеді.
Бұған дейін ақпарат құралдары «Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасы 55,5 миллион теңге болатын заң бұзушылықты анықтады» деген ақпарат таратқан болатын.
Мәліметке сенсек, бұл мекеменің медициналық қызметкерлері орташа тәуекел тобына жатады, сондықтан оларға қосымша 212,5 мың теңгеден төленуі тиіс болған.
«Бірақ іс жүзінде зейнетақы мен міндетті төлемдер осы жәрдемақыдан ұсталды. Істің барлық материалдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілді, Бекшинге тергеу жүргізу тапсырылды. Дәрігерлерге тиесілі ақша ақыр соңында төленді» делінген.
Ж.Бекшин
Бұл мәселенің ақ-қарасын ашып берген бас санитар Жандарбек Бекшин былай деді:
«Бүгінгі күні 51 миллион теңгеден астам соманың бюджетке қайтаруға жатпайтын процедуралық бұзушылықтар бойынша анықталғанын айта кеткім келеді. Мұның бәрі – салық төлемдері, шегерімдер, есеп айырысулар. Барлық осы шегерімдер ТҚСҚБ хаты негізінде жүзеге асырылды. Әрине, олар ешкімге берілген жоқ, керісінше, жаратылды. Осы сомалардан төлемдер ұсталмайтыны түсіндірілген соң, мұның бәрі бюджетке аударылды, біздің қызметкерлердің есепшотына түскен жоқ.
Бұқаралық ақпарат құралдары ақпаратты дұрыс көрсетпеген. 4 миллион теңге ауруы бойынша демалыста болғандарға төленді. Бұл сома қайтаруға жатады. Бұл жерде қызметкерлердің ауруы бойынша демалыста болғанын, дәрі-дәрмектер сатып алу қажет болғанын түсінуге болады. Комиссия департаментті тексеріп, барлық есеп-қисапты сараптау кезінде ешқандай ақша ұрлығы болған жоқ деген қорытындыға келді. 55 миллион деген сөз атымен жоқ, тек ауруы бойынша үйінде емделгендерге төленген 4 миллион жайы сөз болған. Неліктен ақпарат бұрмаланып берілгені түсініксіз».
Оның сөзіне сенсек, оның департаментіне ҚБТУ-дан зейнетақы және басқа төлемдерді ұстап қалу қажет деген хат келген.
«Соған сәйкес, біз оларды ұстап қалдық. Тексеру кезінде бізге осыған қатысты ескерту жасалды, біз оны түзедік. Мұндай заңбұзушылықтар республикамыздың барлық мемлекеттік органдарында болған. Біз салықтық жеңілдіктерді есептеуді тоқтаттық. Жоғары тұрған органның нұсқау хатын орындадық, бар болғаны сол», – деп ақталды Бекшин.