7 Қараша 17:49
...

4 күндік жұмыс аптасына көшу: Заң жобасы желтоқсан айында Парламентке енгізіледі

Фото:

Қазақстандықтар 2023 жылдан бастап 4 күндік жұмыс аптасына көшуі мүмкін деген ақпарат тарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республиканың кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша түзетулер әзірлеген.

Қызметкерлер 4 күндік жұмыс аптасына көше ме? Заң жобасы қай деңгейде талқыланып жатыр? NEGE-нің тілшісі аталмыш сұрақтарды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқановаға жолдады. 

Алма Мұқанова, ОКҚ

«Тиісті түзетулер Әлеуметтік кодекс жобасында қарастырылған. Қазіргі таңда бұл кодекс жобасы мемлекеттік органдардан қолдау тауып, Үкіметке енгізілген. Заң жобалау жоспарының тізіміне сәйкес, тиісті заң жобасы осы жылдың желтоқсан айында Парламентке енгізілуі тиіс», – деп мәлімдеді Алма Мұқанова. 

Оған сәйкес, 2023 жылдан бастап жұмыс берушіге бес және алтын күндік жұмыс аптасымен қатар төрт күндік жұмыс аптасына белгілеуге де мүмкіндік берілмек. Аталған өзгеріс заңның 71-бабына жеке тармақ болып енгізіледі. 

«Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартында бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен кезектесу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі. Отбасының науқас мүшесіне, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біріне, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналарға зейнеткерлік жасқа екі жылдан кем уақыт қалған не зейнеткерлік жасқа жеткен кезде тараптардың келісімі бойынша бірлесіп жұмысқа орналасуға жол беріледі», - делінген құжатта.

Бұл ретте толық емес жұмыс кестесі қызметкердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы мен еңбек өтілінің есептелуіне әсер етпейді.

«4, 5 және 6 күндік жұмыс аптасы кезінде қосымша жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына 12, жылына 120 сағаттан аспауы тиіс», - деп көрсетілген өзгерістер енгізілгелі отырған құжатта.

4, 5 және 6 күндік жұмыс аптасында жексенбі жалпы демалыс күні болып есептеледі.

Тегтер: