Төрт күндік жұмыс аптасы қашан енгізіледі?

Осы кезге дейін бес күндік жұмыс аптасы төрт күнге қысқаруы мүмкін деген болжам айтылып жүрген болатын. Бұл ақпаратқа қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов пікір білдірді.
Астана, NEGE. – 2015 жылдан бері еңбек қарым-қатынастарын либерализациялау процесі жалғасып келеді. Бұл дегеніңіз – жұмысты жеңілдету. Біз мемлекеттік орган ретінде минималды стандарттарға құрылған бақылаулар жүргіземіз. Қазір Еңбек кодексі бойынша, 5 немесе 6 күндік, яғни 40 сағаттық жұмыс аптасы бекітілген. Бірақ жұмыс беруші өз қызметкерлерімен келіссөздер жүргізу арқылы бұл норманы азайта алады, – деді ол ОКҚ брифингінде.
Министрлік өкілінің сөзінше, аталған ереже тек келісімшарт арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ ол 4 күндік жұмыс кестесінің қандай ерекшеліктері болатынын айтып берді.
– 4 күндік жұмыс кестесі біздің министрлікте қарастырылып жатыр. Бірақ ол әртүрлі кезеңді қамтуы мүмкін. Мысалы, қызметкер бір аптада 4 күн жұмыс істесе, екінші аптада 5 күн, үшінші апта 6 күн, төртінші апта қайтадан 4 күн жұмысқа шығады. Ең басты талап жалпы жұмыс сағаты Еңбек кодексіндегі есептік кезеңнен асып кетпеу керек. Ал қалғанын жұмыс беруші мен қызметкер өзара шеше алады, – деп түсіндірді Төлеген Оспанқұлов.