6 Қаңтар 14:59
...

«42 500 теңгені күтіп отырмайтын шығар?» – Өнер адамдары ковидтен сабақ алды ма?

Карантин
Фото: Коллаж NEGE

Қытайдан тараған метапневмовирус біздің елде де анықталып, Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады. Көпті дүрліктірген коронавирусқа қарағанда бұл жеңіл өтеді деседі. Дегенмен жаңа індеттің көңілді күпті еткені жасырын емес.

«Ауру айтып келмейді» дегендей, 2020 жылы аяқасты карантин орнаған шақта ел алдында жүрген әншілер тойдан қағылып, бейнелеп айтқанда, «қоңыз теріп кетуге» шақ қалғаны бар. Кеңес өкіметінен бері келе жатқан «Нан болса, ән болады» деген мәтелдің мәні өзгеріп, «Ән болса, нан боладыға» айналғаны да осы тұс. Қыз-келіншектерге сәнді көйлек сатып кәсібін дөңгелеткен Динара Сәтжанның бетперде тігіп сатқаны да бұл сөзімізге дәлел бола алады. Осыған орай ел алдында жүрген біраз адамға хабарласып, қаншалықты сақтанып жүргенін сұрадық.

Мөлдір Анарбаева, блогер: 

                             Басқа салғанын көреміз

Анарбаева
ғаламтордан

Бір қызығы елде қандай жағдай туындаса да көптің алдына шығып көпіре сөйлейтін белгілі блогер Мөлдір Анарбаева метапневмовирустың Қазақстанда да пайда болғанынан бейхабардар болып шықты. Қамсыздығы сонша, «басқа салғанын көреміз» деп қысқа қайырды. Бәлкім, сенбейтін шығар, кім білсін.

Абай Бегей, әнші:

                        Сырқаттанып қалдым...

Бегей
ғаламтордан

Ал Абай Бегей сырқаттанып қалған екен. Өзінің система алып жатқанын жеткізген ол: «Жаңа вирус па, басқа ма, білмедім. Дейтұрғанмен менікі тұмауға көп ұқсайтын тәрізді. 29-30 желтоқсан күні Атырау қаласында болған едім, содан әлі сырқаттанып жатырмын», – деп ашығын айтты. Әнші дегенмен елде алда-жалда карантин орнай қалса, еш қорықпайтын сыңай танытты. Яғни, әншіліктен өзге де табыс көзі барын жасырмады.

«Мен Алладан ғана қорқамын. Егер өліп кетсек ешқандай мал-мүлік көмектесе алмайды ғой. Бастысы, еліміз, басымыз аман болсын. Қазақ не көрмеген халық, бәрінен өтеді ғой, – дейді.

Зарина Омарова, әнші:

                         Ковид көп нәрсені үйретті

Омарова
instagram.com/zarina_omarova_official

Зарина Омарова короновирустан сабақ алғанын, түрлі дәрумендер ішіп, күшті иммунитет қалыптастырғанын жеткізді. «Ауырып ем іздегенше, айырмайтын жол ізде» деген аталы сөзді ұранына айналдырған әнші, балаларына да түрлі дәрумендер беріп, денсаулығына көп көңіл бөлетінін алға тартты.

«Ковид көп нәрсені үйретті ғой, қанша уақыт қамалып үйде отырдық. Сондықтан түрлі шараларды қолға алдым. Мәселен, жаңажылдық кештерді аяқтаған соң,  демалыс алатын едік. Биыл шетелге қыдырыстамай, үйде боламын деген шешімге келдім. Осылайша өздігімізден сақтық шараларын бастап кеттік. Осы сәтті пайдаланып, барша отандастарымды індеттің алдын алуға шақырамын», – деді ол.

Әнші алда-жалда карантин орнай қалса деп, есебін тас-түйін жасап қойғанын да айтты.

«Қазір қолдағы қаражатты жөнімен жұмсауды үйрендік. Жөнсіз шашыла бермей, ертеңімізді ойлайтын болдық. Оның үстіне балалар да ер жетіп қалды. Олардың да болашағына алаңдайсың», – деді. 

«Адам неғұрлым жан-жақты болса, соғұрлым кез келген қиындықты оңай еңсеретін болады. Пенде баласы үшін денсаулықтан кейінгі үлкен байлық ол – білім мен ақпарат. Осыны меңгерген адам көп тығырықтан шыға алады. Сондықтан өнер мен қатар білім де игеруіміз керек», – деп түйіндеді.

Қорлан Картенбаева, жетігенші:

              Көпшілік шоғырланған жерлерге бармаймын

Квартенбаева
Қ.Картенбаеваның инстаграм парақшасынан

Белгілі жетігенші Қорлан Картенбаева вирус атаулы ауа арқылы тарайтын болған соң одан қашып құтылу мүмкін емес деп біледі.

«Үйден шықпай тағы отыра алмайсың ғой. Сондықтан әуелі ауаны тазарту керек. Атмосферадағы титан диаксиді өкпе ауруын тудыратыны белгілі. Сондықтан оны ауаға шашу керек пе, жоқ па, ол жағын мемлекет анықтауға тиіс. Ал көзі ашық елдер оның зиянын зерттеп-зерделеуге кірісіп кетті. Жазда егістікке тыңайқыш сеуіп жатырмыз деуші еді, ал қыста қандай егіс алқабын оңалтпақ?! Осы жағы күмәнді», – деп бір сырдың бетін ашқандай болды.

Дегенмен, өнер иесі жеке дара сақтық шараларын қолға алған. Мысалы, көпшілік шоғырланған жерлерге барудан бас тартқан.

Руслан Мамытов, әнші:

                       Той мен концертті күтіп жүре бермеу керек

Мамытов
ВКонтакте желісінен

Той-жиынның көркін қыздырып жүретін Руслан Мамытов көптің арасында жүрсе де, жаңа вирустан бейхабар болып шықты. «Көппен көрген ұлы той» деген. Бірақ қандайда бір сақтық шараларын жасаңдар десе, әрине, оған мойынсұнамыз. Дегенмен, елімізге ешқандай індет келмесе екен деп тілеймін», – деп ілтипат білдірді.

Әнші ковидтен кейін өзге саланың да қыр-сырын игеріп, жеке кәсіпті қолға алғанын жасырмады. Осы ретте өнерде дем беруші ағасы Тоқтар Серіктің жолын қуып, мал асырап, ата шаруашылықты қолға алған екен. Сондай-ақ жеке студиясын ашып, өнерден түсетін табысты да орайластырып қойыпты.

«Адамның жасағанын адам жасай алады. Сондықтан өнер адамдары той мен концертті күтіп жүрмей, өзге де тірлік жасағаны дұрыс. Мал өсірсе де, сауда жасаса да, такси жүргізсе де, жан бағудың қамын ойлайтын заман болды. Осы ретте өнерден өзге вариантты да ойластырып қойған абзал. Қазір әріптестерім алдын ала қамдануды үйренген болар, мемлекет береді деп 42 500 теңгені күтіп отырмайтын шығар», – деп сөзін сабақтады әнші.